Испанияда пойыз апатынан қаза тапқандардың 56-сы анықталды: Үкімет өтемақы төлеуді жоспарлап отыр

Испанияда пойыз апатынан қаза тапқандардың 56-сы анықталды: Үкімет өтемақы төлеуді жоспарлап отыр
Euronews.com

Испания үкіметі Урда қаласы маңында болған теміржол апатынан зардап шеккендер мен қаза тапқандардың туыстарына қаржылай көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Қазір апаттан көз жұмған 69 адамның 56-сының жеке басы анықталды, деп хабарлайды ult.kz.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, 3 қарашада Испания үкіметі апаттан зардап шеккендерге өтемақы төлеу туралы корольдік декретті бекітуді көздеп отыр.

Көлік министрі Оскар Пуэнте сол күні апаттың мән-жайы туралы баяндама жасап, баспасөз мәслихатында жоспарланған шараларды түсіндіреді. Сондай-ақ ол өз бастамасымен Конгресс комиссиясының отырысында сөз сөйлеп, депутаттарға ақпарат береді.

Үкімет өтемақы мөлшерін белгілеу кезінде биыл 18 қаңтарда Адамус қаласында болған пойыз апатынан кейінгі тәжірибені негізге алмақ. Ол кезде қаза тапқан әр адам үшін жалпы сомасы 216 мың еуро өтемақы белгіленген. Оның 72 мың еуросы тікелей төлем ретінде, қалған бөлігі сақтандыру өтемақысы есебінен берілген.

Ал жарақат алғандарға алған жарақатының ауырлығына қарай 2 400 еуродан 84 мың еуродан астам қаржы төленген. Төлемдер бір реттік негізде беріліп, салықтан босатылған. Алайда Урдадағы апаттан зардап шеккендерге төленетін нақты өтемақы мөлшері әзірге жарияланған жоқ.

Ауруханаларда 40-тан астам адам жатыр

Мадрид автономиялық қауымдастығының ауруханаларында апаттан зардап шеккен 10 адам ем қабылдап жатыр. Олардың үшеуі жансақтау бөлімінде. Апаттан бері Мадрид медицина қызметкерлері 122 адамға көмек көрсеткен.

Кастилия-Ла-Манча аймағындағы ауруханаларда тағы 31 адам жатыр. Олардың 13-і жансақтау бөлімінде. Алғашында ауруханаға түскен 110 адамның 79-ы емделіп, үйлеріне шығарылған.

Қазір апат болған жерде биологиялық қалдықтарды іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Азаматтық гвардия аумақты дрондар, атты патрульдер және бақылау бекеттері арқылы күзетуді күшейткен. Мадрид – Севилья жоғары жылдамдықты теміржол желісінің екі бағыттағы екі шақырымдық бөлігі қоршауға алынған. Ол жерге тек қауіпсіздік қызметкерлері мен соттың арнайы рұқсаты бар мамандар ғана кіре алады.

Еске салайық, қайғылы оқиға 28 қазанда жергілікті уақыт бойынша сағат 08:54 шамасында Мадридтен оңтүстікке қарай 130 шақырым жерде болған. Апатқа Renfe компаниясының AVE пойызы мен жеке Iryo операторының құрамы қатысқан. Екі пойыз да Мадрид – Севилья бағытымен жүрген.

Алдын ала мәлімет бойынша, Renfe пойызы алдында тоқтап тұрған немесе жылдамдығын төмендеткен Iryo құрамына арт жағынан соғылған. Апат салдарынан 69 адам қаза тауып, 110 адам жарақат алған.

29 қазанда Испанияда қаза тапқандарды еске алуға байланысты үш күндік аза тұту жарияланды.

Бұл – 1970 жылдардан бері Испанияда болған ең ірі үш теміржол апатының бірі. Сондай-ақ 2026 жылғы елдегі екінші ірі теміржол апаты саналады. Қаңтарда Адамус маңында пойыздардың соқтығысуынан 46 адам қаза тапқан еді.

Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Тергеушілер пойыздардың соқтығысуына автоматты қауіпсіздік жүйесі LZB-дегі ақау себеп болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырып жатыр.