Черногория ресейліктерге виза енгізді, Мәскеу де жауап қайтарды

Черногория ресейліктерге виза енгізді, Мәскеу де жауап қайтарды
ашық дереккөз

Черногория мен Ресей арасында визалық тәртіпке қатысты өзара шектеулер енгізілді. 1 қарашадан бастап Черногория ресейліктер үшін визасыз режимді тоқтатса, Мәскеу 30 желтоқсаннан бастап Черногория азаматтарына да виза талап етпек, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін Черногория Ресей, Беларусь, Қытай, Сауд Арабиясы және Түркия азаматтары үшін визасыз кіру тәртібін жойған болатын. Ел үкіметі бұл шешімді Еуропалық одаққа кіруге дайындықпен түсіндірді. Атап айтқанда, Черногория визалық саясатын ЕО талаптарына сәйкестендіруі керек.

Мәскеу Подгорицаның бұл шешіміне жауап ретінде өзара шара қабылдады. Ресейдің Черногориядағы елшілігінің хабарлауынша, 30 желтоқсаннан бастап Черногория азаматтары Ресейге бару үшін виза алуы тиіс. Жаңа талап паспорттың барлық түрін ұстаушыларға қолданылады.

Ал Черногорияға баратын ресейліктер үшін виза құны ересектерге 35 еуро, 14 жасқа толмаған балаларға 17,5 еуро болады.

Осылайша, екі ел арасындағы бұрынғы визасыз қатынас тәртібі тоқтап, азаматтардың сапары қосымша рәсімдерге тәуелді болмақ.