Қызылордада шетелдік инвестордың кәсіпкерлік қызметіне заңсыз араласқан санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы мен бас маманы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Әрқайсысына 432 500 теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды ult.kz.
Қызылорда қаласының прокуратурасы «TEMA RETAILKZ» ЖШС-нің құқықтарын қорғау барысында санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының заңсыз әрекетін анықтады.
Тексеру нәтижесінде басқарма инвесторға қатысты жедел ден қою шарасын прокуратурамен алдын ала келіспей қолданғаны белгілі болды. Тиісті шешім прокуратураға оны қабылдағаннан кейін ғана жолданған.
Прокуратура аталған шешімнің негізсіз екенін анықтап, оны келісуден бас тартқан. Заң бұзушылықты жою мақсатында Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
Нәтижесінде инвесторға қатысты заңсыз қолданылған шараның күші жойылды.
Сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін қалалық басқарманың басшысы мен бас маманы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 173-бабының 1-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Олардың әрқайсысына 432 500 теңге айыппұл салынды.
Айта кетейік, бұған дейін шетелдік инвестордың банк шоттары заңсыз бұғатталғаны анықталған болатын.