Танымал актер Бекжан Тұрыстың әулеті келін түсіріп, қуанышқа кенелді. Өнер иесінің ұлы Мағжан отбасын құрып, жақындары мен ағайын-туыстың басын қосқан үлкен той өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Қазақы салт-дәстүрге сай ұйымдастырылған кеште жас жұбайларға ақ тілектер айтылып, ерекше үлгіде «Жар-жар» шырқалды. Жаңа өмірге қадам басқан жұпқа жиналған қауым бақыт тілеп, ақ батасын берді.
Тойда қонақтарға арналған бағалы сыйлықтар да жұрт назарын аударды. Әсіресе, ортаға қойылған арнайы сандықтың ішінде не бар екені көпшіліктің қызығушылығын оятты.
Кеш тізгінін ұстаған асаба сандықта су жаңа автокөліктің кілті де жасырылуы мүмкін екенін айтып, қонақтарды елең еткізді. Дегенмен көліктің нақты ұтысқа тігілгені немесе оның кімге бұйырғаны туралы мәлімет айтылмады.
Айта кетейік, Мөлдір Мұқан қаржылық жағдайын тілге тиек етті.
Бекжан Тұрыс кім?
Бекжан Асаубайұлы Тұрыс – қазақстандық театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1965 жылы 15 ақпанда Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шошанай ауылында дүниеге келген. 1987 жылы Т. Жүргенов атындағы оқу орнын театр және кино актері мамандығы бойынша тәмамдаған.

Өнер иесі театр сахнасында драмалық және комедиялық кейіпкерлерді сомдап, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Оның шығармашылық қоржынында «Айман-Шолпан», «Өмірзая», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Мен ішпеген у бар ма?..» секілді қойылымдардағы рөлдер бар.
Көпшілікке «Жетпіс жеті күн», «Ұят болмасын», «Еркектің аты еркек» телевизиялық жобалары арқылы кеңінен танылды. Әсіресе, «Ұят болмасын» бағдарламасындағы Ақылбай шал бейнесі көрерменнің есінде қалды. Сондай-ақ актер «Базарбаевтар» телехикаясына түскен.

Бекжан Тұрыс 2004 жылы «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты атанды. Ал 2009 жылы оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.