Алматыда көпқабатты үйден мефедрон зертханасы табылды: 4,5 келі есірткі тәркіленді

Алматыда көпқабатты үйден мефедрон зертханасы табылды: 4,5 келі есірткі тәркіленді
ашық дереккөз

Алматыда көпқабатты тұрғын үйдің бір пәтерінде синтетикалық есірткі өндіретін зертхана жұмыс істеген. Полиция заңсыз өндірісті ұйымдастырды деген күдікпен 34 жастағы қала тұрғынын ұстады. Тінту кезінде жалпы салмағы 4,5 келі болатын есірткі мен зертханалық жабдықтар тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, күдікті тұрғын үй кешеніндегі пәтерді мефедрон өндіруге пайдаланған. Зертхананың жұмысы көршілердің назарын аудартпайтындай етіп ұйымдастырылғаны анықталды.

ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірхановтың айтуынша, жедел уәкілдер күдіктінің әрекетін анықтап, пәтерге тінту жүргізген.

Тінту барысында бір келі дайын өнім, кристалдары бар алты шыны науа, дихлорметан құйылған алты бөтелке, реактивтері бар тоғыз канистр, зертханалық ыдыстар, электронды таразылар және жеке қорғаныс құралдары табылған. Тәркіленген заттардың жалпы салмағы 4,5 келі болған.

Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-1-бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Күдіктіге өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза тағайындалуы мүмкін.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр.