Тоқаев айтқан жаңа этика: Қазақстанда 25 сарапшы даярланады

Тоқаев айтқан жаңа этика: Қазақстанда 25 сарапшы даярланады
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақстандық қоғамдық даму институты (ҚҚДИ) қоғамдық дамудың өзекті мәселелерін кәсіби талдап, көпшілікке түсінікті тілмен жеткізе алатын жаңа буын сарапшыларын даярлауға бағытталған «Sarapshy» медиажобасын іске қосты, деп хабарлайды ult.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан жоба мәдениет, қоғамдағы мінез-құлық және әдеп мәселелерін қамтиды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда жаңа әдеп қағидаларын қалыптастырудың маңызын бірнеше рет атап өткен. Мемлекет басшысы соңғы Жолдауында: «Еліміз орнықты дамуы үшін қоғамда жаңа этика орнығуы қажет. «Адал азамат» идеологиясы өміріміздің ажырамас бөлігіне айналуы керек», – деген болатын.

Жобаға 140-тан астам өтінім түсіп, конкурстық іріктеу нәтижесінде 25 қатысушы таңдалды. Олардың қатарында қоғамдық даму, әлеуметтік қатынастар, мәдениет және коммуникация салаларында тәжірибесі бар зерттеушілер, талдаушылар мен практик мамандар бар.

31 қазан мен 14 қараша аралығында қатысушылар білікті сарапшылардан дәріс алып, тәжірибелік сабақтарға қатысады. Оқу бағдарламасы сарапшылық кәсібилікті арттыруға, БАҚ-пен тиімді байланыс орнатуға және көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған.

Сондай-ақ қатысушылар өз пікірін нақты деректермен негіздеп, күрделі қоғамдық мәселелерді көпшілікке түсінікті тілде жеткізуді үйренеді.