Қазақстан мен Қытай арасындағы әуе қатынасы кеңейеді. Екі ел апталық рейстер санын 180-ге дейін арттырып, маршруттық желіге Қытайдың тағы екі қаласы – Чэнду мен Қашғарды қосуға келісті. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады, деп хабарлайды ult.kz.
Келіссөздер 4 қарашада Ташкентте өтіп жатқан «Қытай – Орталық Азия» азаматтық авиация саласындағы конференциясы аясында ұйымдастырылды.
Қазақстан делегациясын Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Салтанат Томпиева басқарса, Қытай тарапынан Азаматтық авиация әкімшілігі бас директорының орынбасары Бай Вэньли қатысты.
Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы тұрақты рейстер санын көбейту және жаңа бағыттарды ашу мәселелерін талқылады.
Нәтижесінде апталық әуе рейстерінің рұқсат етілген саны 150-ден 180-ге дейін ұлғайтылмақ. Сонымен қатар Қытайдың Чэнду және Қашғар қалалары жаңа бағыттар тізіміне енгізіледі.
Ведомствоның мәліметінше, бұл келісім тікелей рейстердің қолжетімділігін арттырып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға және екі ел арасындағы туристік, іскерлік байланыстарды дамытуға мүмкіндік береді.