Қазақстанға көшетін этникалық қазақтарды не күтіп тұр: 9 кезеңнен өту керек

Қазақстанға көшетін этникалық қазақтарды не күтіп тұр: 9 кезеңнен өту керек
ашық дереккөз

Қазақстанға көшіп келуді жоспарлаған этникалық қазақтар қандас мәртебесін алу үшін бірнеше кезеңнен өтуі тиіс. Олардың қатарында қазақ тілінен тест тапсыру, мемлекеттік органдардың тексеруі және әңгімелесу бар. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі түсіндірді, деп хабарлайды ult.kz.

Қандас мәртебесін алу рәсімі тоғыз кезеңнен тұрады. Көшіп келушілер алдын ала қажетті құжаттарын дайындап, қоныстанатын өңірді таңдауы керек.

1. Қоныстанатын өңірді таңдау

Қазақстанда қоныс аудару үшін жеті өңір белгіленген. Көшіп келушілер алдын ала сол аймақтардағы тұрмыс жағдайы мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен танысуы қажет.

2. Қазақ тілінен тест тапсыру

Үміткерлер testcenter.kz сайтында ҚАЗТЕСТ сынағынан өтеді. Тест тыңдалым және оқылым бөлімдерінен тұрады. Әр бөлімде 60 сұрақ бар. Тапсырмаларды сәтті орындау үшін әр бөлімдегі сұрақтардың кемінде 70 пайызына дұрыс жауап беру қажет.

3. Сауалнама толтыру

Үміткер сауалнамада білімі, еңбек өтілі, кәсіби дағдылары, тіл білу деңгейі, денсаулық жағдайы және отбасы құрамы туралы ақпарат береді. Осы мәліметтер негізінде балдық бағалау (скоринг) жүргізіледі.

4. Мемлекеттік органдардың тексеруі

Өтініш беруші ұсынған мәліметтерді Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер министрлігі тексереді.

5. Әңгімелесуден өту

Тексеру аяқталғаннан кейін үміткермен әңгімелесу жүргізіледі. Оның қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылданады.

6. Қандас мәртебесін алу

Балдық бағалаудан сәтті өткен үміткер қандас мәртебесін беру туралы өтініш бере алады.

7. Мемлекеттік қолдау алу

Өңірлік квотаға енгізілген көшіп келушілерге жол жүру, тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын төлеу үшін субсидия қарастырылған.

8. Бейімделу және жұмысқа орналасу

Арнайы орталықтар қандастарға құжат рәсімдеу, жұмыс іздеу және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыру мәселелері бойынша көмектеседі.

9. Тұрақты тұруға рұқсат алу

Қазақстанда тұрақты тұру үшін тиісті рұқсат алу қажет. Одан кейін елде тұруға ықтиярхат рәсімдеуге болады.

Осы кезеңдердің барлығынан өтіп, қандас мәртебесін алған азаматтар көшу, тұрғын үй және жұмысқа орналасу бойынша мемлекеттік қолдау шараларын пайдалана алады.