Ақтауда алимент бойынша берешегі бар азаматтардан 134,8 млн теңге өндірілді. Қарызды өтеу үшін борышкерлердің екі пәтері, бір жер телімі және үш автокөлігі өндіріп алушыларға берілді, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облысының прокуратурасының мәліметінше, борышкерлердің бірі 37,8 млн теңге алимент төлемеген. Оның атына тіркелген Toyota Land Cruiser көлігі 25,5 млн теңгеге бағаланып, қарызды өтеу есебінен өндіріп алушыға берілген.
Тағы бір борышкердің пәтердегі үлесі 13,4 млн теңгеге бағаланып, алимент алушының меншігіне өткізілді.
Сонымен қатар табысын жасырып, ата-аналық міндетін орындаудан жалтарған 46 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал 11 борышкерге қатысты қылмыстық іс тіркелген.
Прокуратура алимент төлеу заңмен бекітілген міндет екенін ескертіп, берешекті өтеуден жалтарғандар жауапқа тартылатынын мәлімдеді.