Шымкентте әлеуметтік желіде «Аско» лақап атымен танымал блогер Асқат Балқыбаев пен оның екі сыбайласы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Олар полиция қызметкерлерінен әшкерелейтін видео жариялаймыз деп қорқытып, ақша бопсалаған, деп хабарлайды ult.kz.
Сот мәліметінше, Балқыбаев Instagram, TikTok және YouTube желілерінде мемлекеттік қызметшілер мен полицейлердің заңбұзушылықтарын жариялап жүрген. Оның Instagram парақшасына шамамен 146 мың адам жазылған.
Тергеу деректеріне сәйкес, сотталушылар блогердің танымалдылығын пайдаланып, екі патрульдік полицейден ақша талап еткен. Олар қызметтік көлікте отырған полицейлердің видеосын жариялаймыз деп қорқытып, 200 мыңнан 1 млн теңгеге дейін ақша сұраған. Кейін Балқыбаев делдал арқылы 500 мың теңге алған.
Бұдан бөлек, үшеуі мас күйінде көлік басқарған жүргізушіні әкімшілік жауапкершіліктен құтқаруға уәде беріп, одан 1 млн теңге алған. Алайда уәделерін орындамаған.
Сот үшеуін де адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған бопсалау қылмысы бойынша кінәлі деп таныды. Әрқайсысы 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар бес жыл бойы медиа саласында қызмет атқаруға тыйым салынды.
Сондай-ақ екі жәбірленуші полицейдің әрқайсысына моральдық зиян үшін 1,5 млн теңгеден өтемақы төлеу міндеттелді. Сот мүлкін тәркілеуді қолданбады.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған апелляциялық тәртіппен шағым түсіруге болады.