Жуырда отбасын құрған танымал актерлер Дариға Бадықова мен Олжас Абай тағы да көпшіліктің назарын аударды. Бұл жолы актрисаның анасы күйеу баласын арнайы қонаққа шақырып, қазақы дәстүрмен төс тартқан, деп хабарлайды ult.kz.
Өнерлі жұп әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық басқосудан бейнежазба жариялады. Видеода Дариғаның төркінінде жайылған дастархан мен туған-туыстарының бас қосқан сәті көрсетілген.
Актрисаның анасы күйеу баласы Олжас Абайға қазақтың ежелгі салты бойынша төс ұсынып, құрмет білдірген.
"Қазақта күйеу балаға төс ұсыну деген әдемі дәстүр бар. Бұл – ананың күйеу баласына деген құрметі мен сыйластығының белгісі. Сондықтан салт-дәстүрден аттамай, бүгін анамыз Олжасқа төс ұсынды", – деп жазды ерлі-зайыпты.
Алайда желі қолданушыларының назарын тек дәстүрлі рәсім ғана аудармаған. Бейнежазбада Дариға Бадықованың қолына сәби алып отырғаны да байқалады. Осы көріністен кейін оқырмандар арасында түрлі пікір мен болжам айтыла бастады.
Бірі актрисаның қолындағы баланың кім екенін сұраса, енді бірі жұпқа сәбилі болуды тіледі. Сондай-ақ олардың жеке өміріне қатысты сын пікірлер де жазылды.
"Батыста төске ақша тастайды", "Дариғаның баласы ма?", "Дариға да балалы болса екен", "Түк болмағандай төс жеп отыр", "Бала-шағасын тастап, мәз болып отыр", – деп пікір қалдырған желі қолданушылары.
Айта кетейік, Дариға Бадықова мен Олжас Абайдың қарым-қатынасы бұған дейін де әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Жақында шаңырақ көтерген өнер иелерінің отбасылық өміріне қатысты әрбір жарияланымы оқырмандардың назарынан тыс қалмай келеді.
Ал бейнежазбадағы сәбидің кім екені туралы нақты мәлімет айтылмаған.