Танымал продюсер Әлия Құдайбергенова қазақ киносының аңыз актрисасы Меруерт Өтекешова туралы әсерлі жазба жариялады. Ол өнер иесінің басынан өткен ауыр тағдырына қарамастан, сабырлы қалпынан танбағанын айтып, актрисаға деген ерекше құрметін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.

Продюсер Instagram парақшасында Меруерт Өтекешовамен бірге түскен суретін жариялап, актрисаның сыртқы сұлулығымен қатар, жан дүниесінің тазалығына тәнті екенін жеткізген.
"Ару десе ару ғой! Табиғат сыйлаған сұлулықтың сыны да, сыры да кетпейді. Меруерт апаймен естелікке суретке түстім. Парақшамда тұрсын дедім. Апайдың жүзі ғана сұлу емес, жаны да сұлу. Жаны сұлу, жаны көркем болмаса анадай аспандап тұрған атаққа қылау түсірмей алып жүре алар ма еді?!", – деп жазды ол.
Әлия Құдайбергенова актрисаның өміріндегі ең ауыр кезеңдердің біріне де тоқталған. Оның сөзінше, жалғыз ұлынан айырылу Меруерт Өтекешова үшін орны толмас қайғы болғанымен, ол өмірдің қиындықтарына мойымай, сабыр сақтай білген.
"Жалғыз ұлынан айырылу дегенің ғұмырлық қайғы ғой… Бәріне аса үлкен сабырмен, тәубемен қарады. Сырбаз, сұлу, паң қалпын жоғалтып алмады. Сұлу, мейірімді жүзін ашыныспен былғамады. Жанын кірлетпеді. Былғанбады", – дейді продюсер.
Сондай-ақ ол актрисаның қарапайымдылығы мен кішіпейілділігін ерекше атап өткен. Продюсердің пікірінше, Меруерт Өтекешова елге танымал болғанына қарамастан, ешқашан атағын алға тартып, өзгелерден өзін жоғары қоймаған.
"Қыз Жібек болмай-ақ тұтас елге міндет артатындар қаншама, Құдай-ау! Оның жанында бұл кісі бір періште кейіптегі адам ғой! Ұзаақ жасаңыз!", – деп жазбасын аяқтаған ол.
Желі қолданушылары не дейді?
Продюсердің жүрекжарды жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларын да бейжай қалдырмаған. Оқырмандар Меруерт Өтекешованың сұлулығы мен адамгершілігін дәріптеп, Әлия Құдайбергенованың жазу мәнеріне де жоғары баға берген.
"Қалай көркем тілмен өте сауатты болмысты ашып, терең түсіндірдіңіз. Жазу мәнеріңіз қатты ұнады. Әсіресе, ашынғанмен былғамады дегені өте терең, көп сұлуға ой салдыңыз", – деп жазған оқырмандардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы актрисаны қазақ сұлулығының символына балаған.
"Қандай әдемі, көркем жазасыз! Сізді сол үшін жақсы көремін. Сізді "Жұлдыздар отбасы" кезінен оқимын. Қазақ тарихында мәңгі қалатын сұлулықтың символы – Қыз Жібек", – деп пікір қалдырған ол.
Желі қолданушыларының көпшілігі актрисаға ұзақ ғұмыр тілеп, оның қазақ кино өнеріндегі орны ерекше екенін атап өткен.