Бүгінде көпшілікке танымал қазақстандық әншілердің арасында өнер жолын мектепке бармай тұрып бастағандар бар. Бірі бес жасында байқауда жеңіске жетсе, енді бірі он жасында Роза Рымбаевамен бірге ән шырқаған. Ult.kz бала кезінен сахнаға шығып, көрермен ықыласына бөленген алты өнерпаз туралы деректерді жинақтады.
Димаш Құдайберген
Димаштың өнерге алғашқы қадамы бала кезінен басталған. Әнші алты жасында “Айналайын” республикалық байқауының фортепиано аталымында жеңімпаз атанған. Оның бала күнгі жетістігі ән айтумен ғана шектелмейді: он жасында облыстық іс-шараларда жүргізуші болған.

Өнерлі отбасында өскен Димаш осылайша кішкентайынан аспапта ойнап, көпшілік алдында өзін ұстауды меңгерген.
Қайрат Нұртас
Қайрат Нұртас алғаш рет он жасында Байқоңырда сахнаға шыққан. Кейін қалың тыңдарманға танылған әншінің өнер жолы осы балалық қадамнан бастау алады.

Ол 2005 жылы эстрада-цирк колледжіне оқуға түсіп, 2008 жылы Алматыдағы Республика сарайында алғашқы жеке концертін өткізген. Бала күнгі сахнаға деген қызығушылығы осылайша кәсіби шығармашылыққа ұласқан.
Жанар Дұғалова
Жанар Дұғалова алты жасында “Әнші балапан” байқауының облыстық кезеңінде жеңіске жетіп, кейін республикалық байқауда да топ жарған.

Әншінің балалық шағындағы ерекше сәттердің бірі — Роза Рымбаевамен бірге өнер көрсетуі. Жанар он жасында “Айналайын” байқауында әйгілі әншімен “Любовь настала” әнін дуэтпен орындаған.
Әлішер Кәрімов
Әлішер Кәрімов те сахнаға ерте келген өнерпаздардың қатарында. Ол бес жасында “Әнші балапан” байқауында жеңіске жеткен.

Көпшілік әншіні кейінгі тележобалар арқылы танығанымен, оның байқауларға қатысу тәжірибесі балабақша жасынан басталған. Ұлттық телеарна жариялаған мәліметте бұл жеңіс оның өнер жолындағы алғашқы жетістіктерінің бірі ретінде көрсетілген.