Марқұм Мадина Рашидқызының денесіне эксгумация жасалды

Марқұм Мадина Рашидқызының денесіне эксгумация жасалды
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Жамбыл облысының Меркі ауданында қайтыс болған 19 жастағы Мадина Рашидқызының денесіне эксгумация жасалды. Марқұмның жақындары алғашқы сараптаманың қорытындысына сенбейтінін айтып, қайта зерттеу жүргізуді сұраған, деп хабарлайды ult.kz.

Заңгер Инга Иманбайдың мәліметінше, эксгумация жәбірленуші тараптың өтініші бойынша жүргізілген. Іс аясында Алматыда қайталама комиссиялық сот-медициналық сараптама тағайындалған. Рәсімге полиция қызметкерлері мен тиісті мамандар қатысқан.

Мадинаның өліміне қатысты мәселені көтеріп жүрген журналист әрі блогер Жан Ахмадиев те эксгумация жасалғанын хабарлап, марқұмның отбасына қолдау білдірді.

“Бүгін Мадина қарындасымызға эксгумация жасалды. Бұл — оның отбасы үшін ғана емес, қайғысына ортақтасқан барша қазақ елі үшін ауыр күн… Жақындарына бұл сәттің қаншалықты қиын екенін түсінеміз. Қайғыларына ортақтасып, сабыр мен күш тілейміз”, – деп жазды ол.

Журналист істің ақиқаты анықталып, марқұмның жақындарын толғандырған сұрақтарға жауап табылуын тілейтінін жеткізді.

“Бар тілегіміз — ақиқат анықталып, көкейдегі сұрақтарға жауап табылсын, әділдік орнасын”, – деді Жан Ахмадиев.

Айта кетейік, Жан Ахмадиев Меркіде көз жұмған келіншек туралы тың дерек айтты.

Не жағдай болды? 
 

Еске салайық, Мадина Рашидқызы Жамбыл облысының Меркі ауданында 19 жасында көз жұмған. Қайтыс болған кезде артында сегіз айлық сәбиі қалған. Марқұмның құрбысы оның отбасындағы жанжалдарға шағымданып, күйеуінен кеткісі келгенін айтқан. Бұл мәлімдемелер тергеу барысында тексерілуге тиіс. 

Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметіне сәйкес, оқиға бойынша өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу дерегімен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
 

Марқұмның күйеуі іс бойынша қорғалуға құқығы бар куә мәртебесінде. Қайталама сараптаманың нәтижесі әзірге жарияланған жоқ.