Қазақстанда 2256 иесіз, авариялық және өздігінен төгілетін гидрогеологиялық ұңғыма тіркелген. Олардың уақытылы жойылмауы немесе консервацияланбауы су ысырабына және қоршаған ортаға зиян келтіруі мүмкін. Осы мәселеге байланысты «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Бота Елеусізова Үкіметке депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz.
Депутат Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жолдаған сауалында еліміздің жерасты су қорларын тиімді пайдалану және гидрогеологиялық ұңғымалардың жағдайын ретке келтіру мәселесін көтерді.
"Қазақстандағы бекітілген жерасты су қорлары тәулігіне 43,2 миллион текше метрді құраса, нақты пайдаланылатын көлемі шамамен 1,5 миллион текше метр ғана. Бұл бекітілген қорлардың небәрі 3,5 пайызы.
Әсіресе су тапшылығы байқалатын өңірлерде жерасты суларын ауыл шаруашылығы мен елді мекендердің қажеттіліктеріне тиімді пайдалану мәселесі өзекті", – деді депутат.
Депутат иесіз және авариялық ұңғымалар мәселесімен қатар, жерасты суларының мониторингін жетілдіру, гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру және нақты су алу көлемін бақылау қажеттігін атап өтті.
Оның сөзінше, жерасты су қорларын игеру кезінде олардың табиғи толықтырылу мүмкіндігі, сапасы, минералдану деңгейі және экологиялық қауіпсіздік талаптары ескерілуі керек.
Осыған байланысты депутат Үкіметке бес ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:
жерасты су қорларын өңірлер бойынша түгендеп, олардың нақты пайдаланылуы мен игеру мүмкіндігіне кешенді талдау жүргізу;
иесіз және авариялық ұңғымаларды жою мен консервациялау жұмыстарын жеделдетіп, бірыңғай цифрлық тізілім қалыптастыру;
жерасты суларының мониторингін жаңғыртып, геологиялық және гидрогеологиялық деректерді бірыңғай цифрлық жүйеге біріктіру;
ауыл шаруашылығында жерасты суларын пайдалану лимиттерін ғылыми негізде белгілеп, су алу көлемін цифрлық есепке алу мен бақылауды енгізу;
жерасты су қорларын барлау және бағалау жұмыстарына бөлінетін бюджет қаражатының тиімділігіне талдау жүргізу.
Депутаттың пікірінше, жерасты сулары – елдің су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін стратегиялық ресурс. Оларды тиімді басқару ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, халықты ауызсумен қамтамасыз етуге және өңірлердің дамуына ықпал етеді.
Бота Елеусізова Үкіметтен депутаттық сауалда көтерілген мәселелер бойынша қабылданатын шаралар, оларды іске асыру мерзімдері және күтілетін нәтижелер туралы заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрады.