Бір жатақхана, 14 науқас: Петропавл колледжіндегі инфекция ошағы анықталды

Бір жатақхана, 14 науқас: Петропавл колледжіндегі инфекция ошағы анықталды
Аурухана ақшасына үй сатып алған Түркістанның бас дәрігеріне іс қозғалды

Петропавлдағы колледждердің бірінде 14 студенттен терінің зең инфекциясы анықталды. Санитарлық дәрігерлер аурудың таралу себептерін зерттеп, эпидемиологиялық тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ult.kz.

Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бастапқыда сегіз студенттің ауырғаны хабарланған. Кейін зертханалық тексеру нәтижесінде науқастар саны 14-ке жеткен.

Мамандар инфекция жұқтырғандардың барлығы жатақхананың бір қабатында тұратынын анықтаған. Олардың бөлмелері көршілес орналасқан әрі студенттер өзара тығыз қарым-қатынаста болған. Сондай-ақ инфекцияның ықтимал көзі анықталған. Алайда ведомство оның кім екенін нақтыламады.

Аурудың таралуына жол бермеу үшін студенттер тұрған және оқыған орындарда дезинфекция жүргізілген. Байланыста болғандар медициналық бақылауға алынған.

Тексеру қорытындысы бойынша колледжге айыппұл салынды. Қазір жағдай департаменттің бақылауында.

Мамандар теміреткіден сақтану үшін жеке гигиенаны сақтауға, бөтен адамның киімі мен жеке заттарын пайдаланбауға және қаңғыбас жануарлармен байланыстан аулақ болуға кеңес береді. Теріде бөртпе байқалса, дерматологқа қаралу қажет.

Еске салайық, студенттер арасында зең инфекциясының таралғаны туралы ақпарат 25 қыркүйекте белгілі болған. Ол кезде ауруханаға сегіз студент түскені хабарланған еді.