4 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар болжанады. Кей жерлерде тұман түсіп, желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетеді. Сонымен қатар бірнеше облыста үсік, жаңбыр, қар және көктайғақ болуы мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК хабарлады, деп жазады ult.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, Түркістан облысының таулы аудандарында күндіз кей уақыттарда қатты жаңбыр жауады. Түнде және таңертең тұман түседі. Таулы аймақтарда оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін жетуі ықтимал.
Алматы облысының шығысы мен таулы аудандарында солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады. Түнде облыстың солтүстігінде 4 градусқа дейін үсік жүреді. Жетісу облысында да түнде ауа температурасы 2-7 градусқа дейін төмендейді. Алакөл көлдері ауданында желдің екпіні 15-20 м/с-қа жетеді. Талдықорғанда түнде 4-6 градус үсік күтіледі.
Шығыс Қазақстан облысының шығысы мен таулы аудандарында түнде қар жауып, көктайғақ болады. Ал Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Абай, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде түнде және таңертең тұман түседі.
Жамбыл облысының таулы аудандарында да тұман болжанады. Мұнда солтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Маңғыстау облысының батысында күндіз оңтүстік-шығыстан соғатын желдің екпіні 15-20 м/с болады.
Бұдан бөлек, бірқатар өңірде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады. Шымкент, Алматы, Талдықорған, Түркістан, Тараз, Қонаев және Ақтау қалаларында жоғары өрт қаупі бар.
Қызылорда, Атырау қалаларында және Ақтөбе облысының бірқатар бөлігінде төтенше өрт қаупі сақталады. Сондай-ақ Жетісу облысының шығысында, Қызылорда облысында және Ұлытау облысының батысы мен орталығында төтенше өрт қаупі жарияланған.