"Ақшамызды әлі алған жоқпыз": Төреғали Төреәлінің концертіне қатысты дау шықты

"Ақшамызды әлі алған жоқпыз": Төреғали Төреәлінің концертіне қатысты дау шықты
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің 33 жасқа толуына орай ұйымдастырылған "Tore show" концерттік жобасына қатысқан азаматтар еңбекақыларын ала алмай жүргендерін айтып, наразылық білдірді. Олардың сөзінше, арада бір жыл өтсе де, атқарған жұмыстары үшін тиесілі қаражат толық төленбеген, деп хабарлайды ult.kz.

Астана тұрғыны Руслан Ташбаев еліміздің бірнеше қаласында өткен концерттерді ұйымдастыруға және өткізуге атсалысқанын айтады. Алайда оның сөзінше, жоба аяқталғаннан кейін еңбегінің ақысы толық берілмеген.

Руслан бұл мәселеге тап болған жалғыз өзі емес екенін жеткізді. Оның айтуынша, Нази есімді әріптесі де келісілген қаражатын ала алмай жүр. Екеуі продюсерлік орталыққа бірнеше мәрте хабарласқанымен, төлемнің қашан жасалатыны жөнінде нақты жауап естімеген.

"Өкінішке қарай, Tore show үшін төленуі тиіс ақшамды толық ала алмадым. Мен ғана емес, Нази есімді әріптесім де еңбекақысын алған жоқ. Қазір екеуміз де істеген жұмысымыздың ақысын алу үшін күресіп жүрміз. Бұл мәселені шешу мақсатында продюсерлік орталыққа талай хабарласып келеміз. Алайда нақты жауап ала алмай отырмыз. Ақшаның қашан төленетіні белгісіз, ешкім нақты мерзім айтпайды", – деді Руслан Ташбаев.

Ол қаржылық келіспеушіліктің тағы бір себебін де атады. Айтуынша, бастапқыда ауызша келісілген еңбекақы мөлшері кейін ұсынылған келісімшарттағы сомадан өзгеше болған. Дегенмен құжатта жазылған қаражаттың өзі де осы уақытқа дейін толық төленбепті.

Руслан Ташбаев мәселе өзара келісім арқылы шешілмесе, құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуге ниетті екенін айтты.

Ал КТК журналистері жағдайға қатысты түсініктеме алу үшін продюсер Жан Мұқановпен байланысқан. Алайда ол ресми сұхбат беруден бас тартып, айтылған айыптауларды жоққа шығарған. Сондай-ақ еңбекақысын талап етіп жүрген азаматтарды танымайтынын мәлімдеген.

Әзірге тараптар арасындағы қаржылық даудың қалай шешілетіні белгісіз. Еңбекақы төленбегені туралы мәлімет шағымданушылардың сөзіне негізделген, ал продюсер бұл ақпаратпен келіспейді.