Алматылық Асылым Өтепберген “Қазақ аруы – 2026” байқауының жеңімпазы атанды. Ол онлайн дауыс беруде 17 мыңнан астам дауыс жинаған, деп хабарлайды ult.kz.
Байқау 3 қарашада Алматыдағы Республика сарайында өтті. Екінші нөмірмен өнер көрсеткен Асылымға жеңімпаз тәжімен бірге Аида Кауменова сән үйі арнайы тіккен шапан және шетелге жолдама табысталды.
Биыл ұйымдастырушылар сахналық бағдарламаны өзгеше ұсынды. Қатысушылар жеке өнер көрсетудің орнына, “Қыз Жібек” қойылымында бас қосып, ортақ өнер көрсетті. Ал сұрақ-жауап кезеңінде 22 үміткерге сауалдарды кинода Қыз Жібек бейнесін сомдаған актриса Меруерт Өтекешова қойды.
Дефиле кезінде былтырғы жеңімпаз Дария Қуатжанның сән үйі әзірлеген көйлектер таныстырылды.
Байқау жеңімпазы осымен үшінші жыл қатарынан халықтың онлайн дауыс беруі арқылы анықталып отыр.
Айта кетейік, Баян Алагөзова Мөлдір Әуелбековаға шүйлікті.
Баян Алагөзова кім?
Баян Мақсатқызы Алагөзова – қазақстандық продюсер, актриса және тележүргізуші. Ол 1974 жылғы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген. Өнерлі отбасында өскен: әкесі Мақсат Мұхитденов – дыбыс режиссері, анасы Гүлжамал Мұхитденова – актриса. Баян 1993 жылы “Махаббат бекеті” фильміндегі басты рөлі арқылы көпшілікке танылды. Кейін телеарналарда тілші және жүргізуші болып жұмыс істеді. 2006 жылдан бастап “КешYOU” тобына продюсерлік етіп, отандық шоу-бизнесте кеңінен таныла бастады. Бұрын жұртшылыққа Баян Есентаева есімімен белгілі болған.

Оның шығармашылық қызметі музыкамен шектелмейді. Баян Алагөзованың Shine Production компаниясы “Ғашық жүрек”, “Ғашық жүрек 2”, “Абайлаңыз, сиыр!” фильмдерін және “Махаббатым жүрегімде”, “Өгей жүрек”, “Қазақ аруы” секілді телехикаяларды түсірген.

Сондай-ақ ол ұлттық “Қазақ аруы” сұлулық байқауының бастамашысы ретінде танымал.