"Орысша амандасуына болар еді": Ресейлік блогер Димаш Құдайбергенге өкпесін айтты

"Орысша амандасуына болар еді": Ресейлік блогер Димаш Құдайбергенге өкпесін айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Ресейлік блогер Роман Зубенко Германияда өткен Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысты пікір білдіріп, әншінің көрермендермен орыс тілінде амандаспағанына көңілі толмағанын жеткізді. Оның бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті, деп хабарлайды ult.kz.

Роман Зубенко Германияның Дюссельдорф қаласында ұйымдастырылған Димаш Құдайбергеннің концертіне отбасымен бірге барған. Блогер қазақстандық әншінің ерекше дауысын, сахнадағы шеберлігін және концерттің ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалаған. Дегенмен кеш барысында орыс тіліндегі әндердің аз орындалғанына наразылық білдірген.

Оның айтуынша, концерт залына жиналғандардың басым бөлігі орыс тілінде сөйлейтін көрермендер болған. Сондықтан блогер Димаштың орысша әндерді көбірек орындайтынын күткен. Алайда концертте бұл тілде бір ғана шығарма шырқалған.

"Ол мұндағы көрермендердің орыс тілді екенін білді ғой. Қазақша амандасты ма, жоқ па, білмеймін. Меніңше, концертін тек ағылшын тілінде бастады. Қазақша амандасқанына сенімді емеспін, бірақ орысша ешкіммен амандаспағаны анық. Амандасуына болар еді ғой", – деді Роман Зубенко.

Блогер әншінің мұндай әрекетін орыс тілді тыңдармандарға жеткілікті көңіл бөлмеу деп қабылдаған. Сондай-ақ концертте орысша бір ғана ән айтылатынын алдын ала білген адамдардың кейбірі билет алудан бас тартуы мүмкін екенін алға тартты.

Алайда оның бұл пікірі желі қолданушыларына ұнамады. Көпшілік Димаштың тек белгілі бір елдің немесе тілдің аудиториясына емес, әлемнің түкпір-түкпіріндегі тыңдармандарына өнер көрсететін халықаралық деңгейдегі әнші екенін еске салды.

Желі қолданушыларының бірі әлемдік жұлдыздардың өзге мемлекеттерде концерт бергенде сол елдің тілінде ән айтуға міндетті емес екенін айтып, Дженнифер Лопестің Қазақстандағы өнер көрсетуін мысалға келтірген.

"Димаштың әлемдік жұлдыз екенін өзіңіз де мойындадыңыз. Әлемге танымал көптеген әнші тек ана тілінде ән айтады. Мысалы, жақында Дженнифер Лопес Қазақстанға келді. Бірақ бірде-бір әнін орысша да, қазақша да орындаған жоқ. Ешкім ренжіген жоқ қой. Ал Димаш бір концертінде алтыдан астам тілде ән шырқайды. Бұл оның барша тыңдарманына деген құрметі емес пе?" – деп жазды пікір қалдырушылардың бірі.

Соған қарамастан, Роман Зубенко концерттен ерекше әсер алғанын жасырмаған. Ол Димаштың вокалдық мүмкіндігін жоғары бағалап, мұндай деңгейдегі өнерді тамашалау үшін билет бағасы үш есе қымбат болса да, қаражат аяуға болмайтынын айтқан.

Айта кетейік, Димаш Құдайберген бүгінде DIMENSIONS атты әлемдік концерттік турнесін жалғастырып жүр. Dimash News мәліметінше, бұл жоба әншінің вокалдық шеберлігін ғана емес, композиторлық және продюсерлік қырын да көпшілікке таныстыруға бағытталған. Тур аясында өнер иесі түрлі тілдегі шығармаларын орындап, халықаралық аудиториямен жүздесіп келеді.