"5 миллион теңге сыйлады": Олжас Абай мен Дариға Бадықова тойдағы ерекше сыйлық туралы айтты

"5 миллион теңге сыйлады": Олжас Абай мен Дариға Бадықова тойдағы ерекше сыйлық туралы айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Қазан айында шаңырақ көтерген актер Олжас Абай мен актриса Дариға Бадықова алғаш рет жұп болып сұхбат беріп, үйлену тойының қызықты сәттерімен бөлісті. Өнер иелері тойда ең қомақты сыйлықты кім бергенін және той шығынының ақталған-ақталмағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Жас жұбайлар Динара Сатжанның Late Night Show бағдарламасына қатысып, көпшілікті қызықтырған сұрақтарға жауап берді. Олжас Абай бұған дейін түрлі подкаст пен сұхбатқа шақырту алғандарын, алайда алғаш рет жұп болып осы бағдарламаға келуді жөн көргендерін жеткізді.

"Жақсы адамның жақсылығын айт, нұры тасысын дейді ғой. Өздеріңіз көргендей, әулетімізде жақсы жаңалықтар болып жатыр. Айта берсек, ол жерде әңгіме көп. Расымен, подкастарға көп шақырады, бірақ сізге келіп алғаш рет сұхбат беріп отырмыз. Көргеніме қуаныштымын", – деді актер.

Әңгіме барысында жүргізуші тойдағы ең ерекше сыйлық туралы сұрады. Олжас Абай ең қомақты ақшалай сыйды KinoPark кинотеатрлар желісінің басшысы Алмас Малдыбаев бергенін айтты.

"Той жақсы өтті, әдемі болды. Халық ризашылығын білдіріп, тілектерін айтты. Ең күшті сыйлықты өзіміздің ағамыз, кино әлемінде алға жылжуымызға әсер еткен KinoPark кинотеатрының бастығы Алмас Малдыбаев берді. Ол 5 миллион теңге сыйлады. Осы сәтті пайдаланып, Алмас мырзаға ризашылығымды, інілік құрметімді білдіргім келеді", – деді Олжас Абай.

Мұнан кейін Динара Сатжан жас жұбайлардан тойдан соң сыйлыққа берілген ақшаны қалай санағандарын сұрады. Актер бұл сұраққа әзілмен жауап беріп, жұбайының ұқыптылығын сөз етті.

"Екеуміз отырып алып аштық қой. Санадық, жаздық. Мен олай жасамайтын едім. Бірақ әйел адамдар ондай емес екен. Сол жерде ашып, жазып, Kaspi-де қанша деп ешкімді ұмытпайды екен", – деді актер күліп.

Жүргізуші де әзілді жалғап, енді Дариға Бадықова алдағы тойларда кімнің қанша ақша бергенін біліп отыратынын айтты. Осы сәтте Олжас Абай екеуінің түнгі сағат үшке дейін отырып, конверттерді ашып, ақша санағанын айтып, студиядағы көрермендерді күлкіге қарық қылды.

Сұхбаттың тағы бір қызықты тұсы тойдың қаржылық жағына қатысты болды. Динара Сатжан актрисадан үйлену тойын өткізудің қаншалықты тиімді екенін сұрады.

"Тиімді нәрсе, өзін жапты ғой. Минусқа кірмедік қой", – деп жауап берді Дариға Бадықова күліп.

Осылайша, өнерлі жұп үйлену тойына кеткен шығынның толық өтелгенін жасырмады. Дегенмен тойға жалпы қанша қаражат жұмсалғанын және қонақтардан нақты қанша ақша жиналғанын ашып айтпады.

Айта кетейік, Олжас Абай мен Дариға Бадықова 2026 жылдың қазан айында шаңырақ көтерген еді. Олардың үйленуі көпшіліктің назарын аударып, әлеуметтік желіде қызу талқыланды.