Актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абай шаңырақ көтерді. Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, жұртты өзгенің бақытына төрелік айтпай, ақ тілек білдіруге шақырды, деп хабарлайды ult.kz.
Дариға Бадықова әр адамның өз тағдыры мен бақыты бар екенін атап өтті.
"Құдайдың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Тағдырдың жазғанын ешкім өзгерте алмайды. Қалай десек те, кім не ойласа да, әр адамның өз тағдыры, өз бақыты бар. Біреудің бақытына төрелік айту бізге бұйырмаған", – деп жазды актриса.
Ол жеке өміріне қатысты ешкімге ештеңе дәлелдеуге міндетті емес екенін де жеткізді.
"Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге де міндетті емеспіз. Тек бақыт тілеңіздер! Өйткені ақ ниетпен айтылған бір ауыз тілек мың түрлі пікірден қымбат", – деді Дариға Бадықова.
Айта кетейік, Дариға Бадықованың экс-күйеуі әншілікке қатысты ойын айтты.
Дариға Бадықова кім?
Дариға Бадықова – қазақстандық актриса әрі кинопродюсер. Көпшілікке “Келінжан” телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы танылды. Осы кейіпкер актрисаның танымалдығын арттырып, көрермен ықыласына бөленуіне жол ашты.
Өнер иесі кейін өзін продюсер ретінде де танытты. Оның алғашқы продюсерлік туындысы – “Таптым-ау сені” романтикалық комедиясы. Фильмде Дариға Бадықова Сәуле есімді кейіпкерді сомдап, актер Олжас Абаймен бірге басты рөлде ойнады.
Актриса ән орындаумен де көпшілік назарына ілікті. Ол Олжас Абаймен бірге “Таптым-ау сені” фильмінің саундтрегі болған “Сезім үшін” әнін орындады. Осылайша, Дариға Бадықова актерлік өнермен қатар, кино өндірісі мен музыкалық жобаларға да қатысып келеді.