Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында үрлемелі қайықпен теңізге шыққан екі адамды толқын ашық теңізге алып кеткен. Құтқарушылар оларды жағадан үш шақырым қашықтықтан тауып, қауіпсіз жерге жеткізді. Кейін екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды ult.kz.
Маңғыстау облысының Түпқараған ауданында теңізде төтенше жағдай тіркелді. Қатты толқын салдарынан үрлемелі қайықпен жүзіп жүрген екі адамды ашық теңізге алып кеткен.
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері оларды жағадан үш шақырым қашықтықтан анықтады. Құтқарылған азаматтар қауіпсіз жерге жеткізілді. Оларға медициналық көмек қажет болмаған.
Алайда құтқару операциясынан кейін екі азамат та Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін оларға айыппұл салынды.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындар мен туристерді қолайсыз ауа райында теңізге шықпауға, үрлемелі қайықпен жағадан алысқа ұзамауға және міндетті түрде құтқару кеудешесін киюге шақырды.