Алматы қаласының Бостандық ауданында бес адамның, оның ішінде баланың өмірін қиған өртке байланысты 37 жастағы әйел ұсталды. Ол жеке тұрғын үйді қасақана өртеді деген күдікке ілінді, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласында бес адамның қаза болуына себеп болған өртке қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті ұсталды. Құқық қорғау органдары 37 жастағы әйелді жеке тұрғын үйге қасақана өрт қойды деген күдікпен қолға алған.
Қайғылы оқиға 26 қарашаға қараған түні қаланың Бостандық ауданында болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткен кезде тұрғын үйді толығымен жалын шарпыған. Өртті сөндіру барысында ғимараттың ішінен бес адамның мәйіті табылды. Қаза тапқандардың арасында бала да болған.
Тергеу барысында полиция қызметкерлері бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеп, күдікті болуы мүмкін әйелдің қозғалыс бағытын анықтаған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті қылмысқа жеке бас араздығы салдарынан баруы мүмкін. Күдікті әйел ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта аталған іс бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.