Қазақстанда Geely Galaxy Monjaro EMi қосылатын гибрид кроссовері таныстырылып, алғашқы екі күнде 150 сатып алушыға сатылды, деп хабарлайды Ult.kz.
21 қарашада Geely Galaxy брендінің Қазақстан нарығына шыққанына бір жыл толуына орай еліміздегі ресми дилерлік орталықтарда жаңа модельдің тұсаукесері өтті. Іс-шараға гибридті көліктерді ұнататындар, журналистер, автоблогерлер мен сатып алушылар қатысты.
Жаңа көлікті сатып алуға қызығушылық танытқандар үшін арнайы ұсыныс әзірленген. Алғашқы 150 сатып алушыға шиналар жиынтығы сыйға берілген. Акция аясында ұсынылған көліктердің барлығы екі күн ішінде сатылып кеткен.
Екі нұсқаның бағасында 1 млн теңге айырмашылық бар
Monjaro EMi моделі Max және Ultra атты екі нұсқада ұсынылады. Екеуінде де 1,5 литрлік турбомотор, электр қозғалтқышы және 3DHT гибридті трансмиссиясы бар. Тарту батареясын сыртқы қуат көзінен зарядтауға болады.
Max нұсқасының бағасы – 14 млн 990 мың теңге. Қозғалтқыш қуаты 279 ат күшіне тең. Көлік сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 7,7 секундта жетеді. Сыйымдылығы 18,4 кВт·сағ батарея электр қуатымен 92 шақырымға дейін жүруге мүмкіндік береді. NEDC циклі бойынша жалпы жүріс қоры – 1 200 шақырым. Батарея заряды таусылған кездегі отын шығыны 100 шақырымға 5,4 литрді құрайды.

Ultra нұсқасы 15 млн 990 мың теңгеден сатылады. Ол толық жетек жүйесімен жабдықталған, қозғалтқыш қуаты 340 ат күшіне жетеді. Сағатына 100 шақырым жылдамдыққа 5,83 секундта үдейді. Батарея сыйымдылығы – 29,8 кВт·сағ. Электр қуатымен 130 шақырымға дейін жүре алады, ал NEDC циклі бойынша жалпы жүріс қоры 1 095 шақырымды құрайды.
Жылдам қуаттау станциясында батарея зарядын 30%-дан 80%-ға дейін толықтыруға 15 минут қажет.
Көлік қандай жабдықтармен қамтылған?
Max нұсқасында панорамалық шатыр, алдыңғы және артқы орындықтарды жылыту, руль мен бүйір айналарды жылыту функциялары қарастырылған. Сондай-ақ 15,4 дюймдік экраны бар Flyme Auto мультимедиялық жүйесі Apple CarPlay және Android Auto жүйелерін қолдайды.
Стандартты жабдықтар қатарына айналаны шолу камералары, «мөлдір капот» функциясы, бейімделетін круиз-бақылау, жолақта ұстап тұру және соқыр аймақтарды бақылау жүйелері кіреді.

Ал Ultra нұсқасында проекциялық дисплей, алдыңғы орындықтарды желдету және уқалау функциялары, сондай-ақ 16 динамигі бар аудиожүйе қарастырылған.
Geely Galaxy Monjaro EMi Қазақстандағы брендтің барлық ресми дилерлік орталығында қолжетімді. Сатып алушылар көлікті тест-драйвтан өткізіп, бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын шартпен рәсімдей алады.