27 қарашада Қазақстанның басым бөлігінде күн райы бұзылып, жаңбыр мен қар жауады. Синоптиктер еліміздің бірқатар өңірінде жел күшейіп, көктайғақ пен боран болатынын ескертті, деп хабарлайды ult.kz.
Астанада қар жауып, жаяу бұрқасын соғады, көктайғақ болады. Ауа температурасы түнде де, күндіз де 0…-2 градус шамасында сақталады. Желдің екпіні түнде және таңертең секундына 28 метрге дейін жетуі мүмкін.
Алматыда жаңбыр мен қар жауып, тұман түседі. Түнде +3…+5, күндіз +5…+7 градус жылы болады. Шымкентте жаңбыр жауып, күндіз ауа температурасы +8…+10 градусқа дейін күрт төмендейді.
Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарында күн суытады. Күндіз ауа температурасы +5…+10 градус, таулы аудандарда 0…-5 градус шамасында болады. Алматы және Жетісу облыстарының таулы аймақтарында қалың қар жауады.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кей аудандарында желдің екпіні секундына 30 метрден асуы мүмкін. Еліміздің солтүстігінде, солтүстік-батысында, орталығы мен оңтүстігінде жаяу бұрқасын соғады.