Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

«Ауыл» партиясы 20 өңірде сайлау науқанының қорытындысын шығарды

«Ауыл» партиясы 20 өңірде сайлау науқанының қорытындысын шығарды
ашық дереккөзден

Қазақстанның 20 өңірінде «Ауыл» партиясының өңірлік сайлау штабтарының қорытынды отырыстары өтті. Жиында сайлау науқаны кезінде атқарылған жұмыстар сараланып, ұйымдастыру және үгіт-насихат жұмыстарының нәтижелері талқыланды. Сонымен қатар партияның өңірлердегі алдағы жұмыс бағыттары айқындалды, деп хабарлайды ult.kz.

Сайлау науқаны барысында партиялық тізім мен бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылған кандидаттар 1 405 үгіт кездесуін өткізді. Оның 48 облыстық, 377 қалалық, 980 аудандық деңгейде ұйымдастырылды.

Кездесулер еңбек ұжымдарымен, ауыл тұрғындарымен, түрлі әлеуметтік және кәсіби топтардың өкілдерімен өтті. Онда ауылдарды дамыту, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері, партияның бастамалары мен тұрғындардың ұсыныстары сөз болды.

«Ауыл» партиясынан сайлауға барлығы 440 кандидат қатысты. Оның 373 ер адам, 67 әйел. Кандидаттардың 112 партиялық тізім бойынша, 328 бірмандаттық сайлау округтері бойынша ұсынылды. Бірмандаттық округтер бойынша ұсынылған кандидаттардың 36 облыстық, 241 аудандық, 51 қалалық мәслихат депутаттығына үміткер.

Қорытынды отырыста өңірлік штабтар мен қалалық, аудандық филиалдардың жұмысы сараланып, кандидаттар мен олардың сенімді өкілдерінің қызметіне, сондай-ақ ақпараттық жұмыстың нәтижелеріне баға берілді. Науқанды ұйымдастыруға және үгіт-насихат шараларын өткізуге белсене атсалысқан еріктілер мен жастардың еңбегі де атап өтілді.

Өңірлік сайлау штабтарының жетекшілері науқанға қатысып, ортақ іске үлес қосқан барша азаматқа алғыс білдірді. Әсіресе штаб мүшелерінің, кандидаттардың, сенімді өкілдердің, еріктілер мен жастардың бірлесе атқарған жұмысы ерекше атап өтілді.

Сайлау науқанының аяқталуы партия жұмысының жаңа кезеңге қадам басқаны деп есептейміз. Осылайша, тұрғындармен кездесулерде көтерілген мәселелер, айтылған ұсыныстар мен өтініштер алдағы жұмыстың маңызды бағдарына айналады.

«Ауыл» партиясы халықпен тұрақты байланыс орнатып, ауыл тұрғындарының мүддесін қорғау, ауылдық аумақтар мен өңірлерді дамытуға қатысты өзекті мәселелерді көтеру және олардың шешілуіне атсалысу бағытындағы жұмысын жалғастырады.