Жамбыл облысының Шу қаласында ауыр соққыға жығылған әйел ауруханада қайтыс болды. Оған ауыр дене жарақатын салды деген күдікпен 40 жастағы ер адам ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.
Полиция мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.
«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады полиция.
Тергеу жұмыстарын облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізуде. Іс полиция департаменті бастығының ерекше бақылауына алынған.
Айта кетейік, 24 қарашада Шу қалалық ауруханасына 1976 жылы туған әйел аса ауыр жағдайда жеткізілген. Дәрігерлер оның басынан ауыр затпен соққы жасалғанын анықтаған. Сонымен қатар миы шайқалып, бетінде көптеген қанталау мен соққы іздері болған.