Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы жары көптен бері жасырып келген сырын ашты

Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы жары көптен бері жасырып келген сырын ашты
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Әншілік өнерді тастап, дін жолына бет бұрған Рүстем Жүгінісовтің бұрынғы жұбайы Айжан Қырықбай жеке өміріне қатысты ел арасында тараған әңгімелерге жауап берді. Ол әншімен ажырасқанына біраз уақыт болғанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Айжан әлеуметтік желідегі парақшасында бұрынғы күйеуімен байланысты қауесеттерден шаршағанын айтып, көпшілікке өтініш білдірді.

"Бұрынғы жұбайым екеуміз ажырасып кеткенімізге біраз уақыт болды. Сондықтан мені ол кісімен байланыстырып, әйелдерінің қатарына қоспауларыңызды сұраймын! Сондай-ақ, "төрт баласымен тастап кетті" деген сөздерді жазбауларыңызды өтінемін. Кету – менің өз шешімім! Және бұл шешіміме өкінбеймін. Әркім өз адамымен бақытты болсын!" – деп жазды ол.

Айжанның сөзінше, осы уақытқа дейін жеке өмірін жұрттың талқысына салғысы келмегендіктен үнсіз жүрген. Алайда кейінгі кезде әлеуметтік желіде түрлі бейнежазба тарап, өзі туралы негізсіз әңгімелер көбейген соң, шындықты айтуға шешім қабылдаған.

"Ешкімнің алдында ақталып, біреуге бір нәрсені дәлелдеуді де қажет деп санамадым. Өйткені әр адамның жеке өмірі мен жеке шекарасы болуы керек деп есептеймін. Мен де өз өмірімнің көпшілік талқысына түспегенін қаладым", – деді ол.

Сондай-ақ Айжан бұл оқиғаның өмірінің артта қалған кезеңі екенін атап өтіп, бұрынғы күйеуінің жеке өміріне қатысты өзіне сұрақ қоймауды өтінді.

"Шынымды айтсам, осы әңгімеден шаршадым. Сондықтан осы тақырыпты біржола жабайықшы! Рүстем мен Айжан деген жұп енді жоқ!" – деп жазды ол.

Еске салайық, биыл ақпан айында Рүстем Жүгінісовтің бірнеше әйел алғаны туралы ақпарат тараған еді. Сол кезде өзін әншінің екінші жары ретінде таныстырған келіншек оның үш әйелі бар екенін айтқан. Бұл мәлімдеме қоғамда қызу талқыланып, өнер иесі көпшіліктің сынына ұшыраған еді. Сол тұста Рүстем Жүгінісов те желі қолданушыларына жауап берген.

"Әйелдерімді санамай, аңдымай, сөз қылмай жүріңіздерші. Қанша қатын алсам да өзім білемін", – деген еді әнші.