Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ағын: 2026 жылдың қорытындысы мен 2027 жылға болжам

Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ағын: 2026 жылдың қорытындысы мен 2027 жылға болжам
ult.kz

26 қарашада ҚХР-дың Қазақстандағы Елшісі Хань Чуньлинь 2026 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықтың қорытындысын шығарып, журналистердің сұрақтарына жауап беру мақсатында брифинг өткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Брифинг барысында ult.kz тілшісі елшіден 2026 жылы туристік ағын қалай өзгерді, 2027 жылға қандай болжамдар бар екенін сұрап білді. Хань Чуньлинь мырза Қазақстан мен Қытай арасындағы қолайлы визасыз режимнің арқасында екі ел азаматтарының өзара сапарлары тұрақты түрде артып келе жатқанын жеткізді.

"Қазақстан тарапының мәліметінше, өткен 2025 жылы Қазақстанға Қытайдан 969 мың турист келген. Ал Қазақстан азаматтарының Қытайға жасаған сапарларының саны 730 мыңға жетті.

Биылғы жылдың алғашқы тоғыз айында ғана Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 937 мыңға жетсе, Қытайға барған қазақстандық туристер саны 690 мыңды құрады.

Өздеріңіз білетіндей, қазіргі уақытта Қытайдың 11 қаласынан Қазақстанға тікелей әуе рейстері қатынайды. Соның нәтижесінде демалыс, трансшекаралық туризм, мәдени-танымдық саяхаттар және туристік қызметтердің басқа да түрлері бойынша туристік ағын артып келеді", — деді Қытайдың Қазақстандағы елшісі.

Сондай-ақ Хань Чуньлиньнің айтуынша алдағы жылы мәдени-туристік іс-шаралардың кезең-кезеңімен іске қосылуы және әуе қатынасының одан әрі жандануы нәтижесінде екіжақты туристік ағынның оң динамикасы сақталады деп күтілуде.