Әлемге әйгілі Bulgari зергерлік брендінің дамуына үлес қосқан италиялық зергер Паоло Булгари 89 жасында Римде дүниеден өтті, деп хабарлайды ult.kz.
Il Sole 24 Ore басылымының мәліметінше, марқұммен қоштасу рәсімі 23 қарашада Римдегі Санта-Кроче-ин-Джерузалемме базиликасында өтеді.
Паоло Булгари 1937 жылғы 8 қазанда дүниеге келген. Ол 1884 жылы Римде алғашқы зергерлік шеберхананың негізін қалаған грек шебері Сотирио Булгаридің немересі. Кейін бұл шағын шеберхана халықаралық деңгейдегі зергерлік компанияға айналды.
1980 жылдары Паоло Булгари ағасы Никола екеуі компанияның басқару жұмыстарына араласты. Ал 1984 жылы Франческо Трапани бас директор болып тағайындалғаннан кейін брендтің қызмет аясы кеңейді. Bulgari зергерлік бұйымдармен қатар сағат, аксессуар, былғары өнімдері мен парфюмерия шығара бастады.
Брендтің халықаралық нарыққа шығуы 1970 жылдары Нью-Йорк, Париж, Женева және Монте-Карлода бутиктер ашудан басталды. Bulgari әшекейлерінің ерекшелігі рим және грек өнерінен шабыт алған дизайнында, түрлі түсті асыл тастар мен сары алтынды қолдануында болды. Бренд бұйымдарын Элизабет Тейлор бастаған әлемдік кино жұлдыздары да таққан.
Паоло Булгари өмірінің соңғы жылдарында қоғамдық және білім беру жобаларына көңіл бөлді. 2019 жылы Римнің шалғай аудандарындағы білім беру мен кәсіби даярлықты қолдауға бағытталған жеке қорын құрды.