Сербия астанасы Белградтағы сауда орталықтарының бірінде эскалатордан құлаған он бала жарақат алды. Олардың жетеуі ауыр жарақат алған, деп жазады ult.kz.
Оқиға Белград жағалауындағы «Галерея» сауда орталығында шамамен сағат 14:30-да болған.
8–9 жастағы балалар мұғалімімен бірге кинотеатрға бара жатқан.
Болжамдардың бірінде, эскалатор кенеттен тоқтап, артынша қайта іске қосылған. Соның салдарынан балалар бірінің үстіне бірі құлап кеткен.
Ал екінші нұсқа бойынша, оқушылардың бірі аяқ киімінің бауына шалынып құлаған. Артынан келе жатқан балалар дер кезінде тоқтай алмай, бірінен соң бірі құлаған.
Медициналық қызметтің мәліметінше, зардап шеккен жеті бала ауыр жарақат алса, үшеуінің жарақаты жеңіл. Олардың барлығы шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізілген.
Зардап шеккендердің арасында бес ұл және бес қыз бар.