Британдық The Economist журналы дәстүрлі The World Ahead арнайы шығарылымын ұсынып, 2027 жылы әлемде болуы мүмкін негізгі саяси, экономикалық және технологиялық өзгерістерге болжам жасады. Басылымның пайымынша, алдағы жыл тыныш бола қоймайды, деп хабарлайды ult.kz.
Трамптың болжап болмайтын саясаты. Конгрестің қос палатасы да демократтардың бақылауына өткен жағдайда, Дональд Трамп бұған жаңа жарлықтармен, саяси қақтығыстармен, тіпті әскери авантюралармен жауап беруі мүмкін. Сонымен қатар әлем Трамптан кейінгі Американың қандай болатынына дайындала бастайды.
Қытай мен Тайвань арасындағы шиеленіс. Қолда бар бағалаулар бойынша, Си Цзиньпин Қытай армиясына 2027 жылға қарай Тайваньды басып алуға дайын болуды тапсырған. Алайда әскери дайындық басып кіру міндетті түрде болады дегенді білдірмейді. Украинадағы соғыс үлкен армияның өзінен әлсіз қарсыласпен соғысуы қаншалықты қымбатқа түсетінін көрсетті.
Жасанды интеллект және экономикалық дағдарыс. Жасанды интеллект компанияларының қарызы артып, нарықтың құлдырау қаупін күшейтуде. Сонымен бірге дамыған елдер шамадан тыс қарыз алып, өмір сүруін жалғастырып жатыр. Қарыз алу құнының өсуі жаңа борыштық дағдарысқа әкелуі мүмкін.
Еуропадағы саяси сілкіністер. Франциядағы президент сайлауында Марин Ле Пеннің жеңіске жетуі Еуропалық одақтың тұрақтылығына үлкен соққы болуы ықтимал. Бұған қоса Иранмен соғыстың салдары, тыңайтқыш тапшылығы және энергетикалық проблемалар әлемдік экономикаға қысым түсіреді.
Климаттық рекордтар. 2027 жыл тарихтағы ең ыстық жылдардың біріне айналуы мүмкін. Құрғақшылық, орман өрттері және аптап ыстық толқындары жиілей түседі.
Дегенмен, жақсы жаңалықтар да бар. Артық салмақтан арылуға арналған дәрілер жетілдіріледі, фармацевтикалық компаниялар қартаюмен күресуге көбірек көңіл бөледі. Ал ғарышқа зымыран ұшыру құны арзандай түсуі мүмкін.
The Economist болжамдары міндетті түрде орындалады деген сөз емес. Бірақ басылым атап өткен үрдістер 2027 жылы әлемдік саясат пен экономикадағы басты тәуекелдердің қай бағытта шоғырлануы мүмкін екенін көрсетеді.