Павлодарда патрульдік полиция қызметкерлері интернет-алаяқтардың арбауына түскен тұрғынның 2 миллион теңгесін сақтап қалды, деп хабарлайды ult.kz.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, көшеде жылап келе жатқан қызды байқаған полицейлер мән-жайды сұраған. Белгілі болғандай, ол белгісіз адамдардың нұсқауымен барлық жинаған ақшасын көрсетілген шотқа аудармақ болған.
Капитан Дархан Мақажанов пен капитан Еламан Кәрімов қыздың алаяқтардың ықпалына түскенін анықтаған. Алдымен оған SIM-картаның мерзімін ұзарту сылтауымен SMS-кодты айтқызған. Кейін оның атына күмәнді шоттар ашылғанын айтып, ақшасының заңдылығын дәлелдеуді талап еткен. Тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтып қорқытқан.
Полицейлер банк ұйымдарымен байланысып, қыздың атына несие рәсімделмегенін анықтады. Сондай-ақ оның келісімімен eGov Mobile арқылы «Стоп-кредит» қызметін қосуға көмектесті.
Полиция мәліметінше, өңірде интернет-алаяқтықтың 1337 дерегі тіркелген. Жедел іс-шаралар барысында 33 күдікті ұсталып, 120-дан астам мобильді құрылғы, 500 SIM-карта, 39 банк картасы және екі SIM-box тәркіленген.
Құқық қорғау органдары тұрғындарды белгісіз адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға және SMS-кодтарды ешкімге бермеуге шақырады.