Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде бірінші курс студентінің жатақханада қаза табуына байланысты проректор мен декан қызметінен босатылды. Сонымен қатар оқиға болған күні кезекшілікте болған қызметкерлер жұмыстан шеттетілді. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Университет басшылығы жатақханадағы қауіпсіздік пен тәртіпті қамтамасыз ету міндеттерін тиісті деңгейде орындамағаны үшін Басқарма мүшесі – әлеуметтік даму жөніндегі проректор мен География және табиғатты пайдалану факультетінің деканын қызметінен босату туралы шешім қабылдаған.
Ал оқиға болған күні кезекшілікте болған қызметкерлер жұмыстан шеттетіліп, олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріліп жатыр.
Университет қайтыс болған студенттің отбасына көңіл айтып, жақындарымен тұрақты байланыста екенін және қажетті көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Қазір барлық жатақханада кешкі бақылау күшейтіліп, студенттердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған қосымша шаралар қолға алынған. Сондай-ақ оларға кәсіби психологиялық көмек көрсету жұмыстары ұйымдастырылған.
Университет өкілдері тергеу органдарына толық қолдау көрсетіп жатқанын және істің ашық әрі объективті тергелуіне мүдделі екенін мәлімдеді.
Сонымен қатар Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу құпиясына жататын өзге мәліметтерді жариялай алмайтынын айтты. Университет оқиғаға қатысты жаңа ақпаратты қоғам мен марқұмның жақындарына уақтылы жеткізуге уәде берді.