Екібастұзда тиісті лицензиясыз пиротехникалық бұйымдар сатқан азаматтың әрекеті әшкереленді. Заңсыз сауда дерегі полицияның әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі кезінде анықталған, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, құқық бұзушылық «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында белгілі болды. Тексеру барысында азаматтық пиротехникалық өнімдердің қажетті рұқсат құжаттарынсыз сатылғаны анықталды.
Екібастұз қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Медет Бейсеновтің айтуынша, аталған дерек бойынша заңнамаға сәйкес шаралар қабылданып, материалдар тиісті процессуалдық шешім шығару үшін жолданған.
Полиция өкілдері тұрғындарды пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде сақ болуға шақырады. Өнімді тек қажетті рұқсат құжаттары бар сауда орындарынан алу қажет. Сондай-ақ тауардың сәйкестік сертификаты мен мемлекеттік және орыс тілдеріндегі қолдану нұсқаулығы болуына назар аудару керек.
Құқық қорғау органдары сапасыз немесе заңсыз сатылған пиротехниканы пайдалану жарақат алуға, өртке және басқа да төтенше жағдайларға себеп болуы мүмкін екенін ескертеді.