Қарағанды облысында заңсыз шаян аулап, оны ірі көлемде сатумен айналысқан ұйымдасқан топтың әрекеті әшкереленді. Полицейлер күдіктілерден жалпы салмағы 2,5 тоннадан асатын шаян тәркілеген. Алдын ала есеп бойынша, мемлекетке келтірілген шығын 20 миллион теңгеге жуықтайды, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, заңсыз кәсіп Приозерск қаласында ұйымдастырылған. Құқық қорғау органдарының мәліметінше, 23 пен 50 жас аралығындағы сегіз адамнан тұратын топ шаяндарды заңсыз аулап, аса ірі мөлшерде сатумен айналысқан деген күдікке ілінді.
Жедел-іздестіру және тергеу шаралары барысында тәртіп сақшылары 2 557 келі шаянды тәркіледі. Сонымен қатар заттай дәлел ретінде 115 паллет, заңсыз ауланған өнімді тасымалдауға пайдаланылды деген болжам бар жүк көлігі мен «ГАЗель» автокөлігі алынды.
Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілердің заңсыз әрекетінен мемлекетке шамамен 20 миллион теңге көлемінде залал келген.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған сегіз адамның екеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қалғандарына қатысты процессуалдық әрекеттер жалғасып жатыр.
Қазір тергеушілер заңсыз кәсіптің барлық мән-жайын анықтап, оған қатысы болуы мүмкін өзге де тұлғаларды іздестіріп жатыр.