21 қарашадан бастап Қазақстанда балаларды есепке алу және мектептегі буллингтің алдын алу тәртібі өзгереді. Енді 18 жасқа дейінгі балалар туралы мәліметтер бірыңғай дерекқорға жинақталып, сабаққа себепсіз жиі қатыспайтын оқушылар да арнайы есепке алынады. Сонымен қатар мектептер буллинг туралы ақпаратты тіркеу және оған ден қою бойынша жаңа талаптарды орындауға міндеттеледі, деп хабарлайды ult.kz.
Алматы қаласы Балалардың құқықтарын қорғау басқармасының мәліметінше, бірыңғай базаға мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар, біліммен қамтылмағандар, сондай-ақ сабақтан дәлелді себепсіз жүйелі түрде қалатын оқушылар туралы ақпарат енгізіледі.
Жаңа тәртіп бойынша, сабаққа қатыспау деректері ай сайын полиция органдарымен салыстырылып, тексеріледі. Жинақталған мәліметтер Ұлттық білім беру дерекқорына әр айдың 10-ынан кешіктірілмей енгізілуі тиіс. Бұл шара білім беру ұйымдарынан тыс қалған немесе оқу процесіне тұрақты қатыспайтын балаларды дер кезінде анықтауға бағытталған.
Өзгерістер мектептегі буллингпен күрес тәртібін де қамтиды. Енді білім беруді басқару органдары буллинг туралы түскен ақпаратты бір жұмыс күні ішінде тіркеуге міндетті. Бұған қоса, мектептер балаларға психологиялық қолдау көрсетуді ұйымдастырып, олардың қауіпсіз білім алу ортасын қамтамасыз етуі керек.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық, қатыгездік және буллинг жағдайларына ден қоюдың бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілген болатын.
Оған сәйкес, баланың құқықтары бұзылуы мүмкін екені туралы ақпарат уәкілетті органдарға дереу жолдануы қажет. Ал бала құқықтарын қорғау жөніндегі органға хабарлама бір сағат ішінде жеткізілуі тиіс.
Жаңа талаптардың негізгі мақсаты – баланың білім алу құқығының бұзылуына жол бермеу, сабақтан себепсіз қалу жағдайларын бақылауға алу және мектептегі қысым мен зорлық-зомбылық деректеріне жедел әрекет ету.