Белгілі әнші, актриса әрі тележүргізуші Қарагөз Сүлейменова журналист Жанар Байсеміздің «Байсеміз LIVE» бағдарламасына сұхбат берді. Журналист өнер иесінің бұл жолғы әңгімесі бұрынғы сұхбаттарынан ерекше екенін айтып, көрерменді ойландыратын дүниелер қозғалғанын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Жанар Байсеміз әлеуметтік желідегі парақшасында Қарагөз Сүлейменовамен болған сұхбат туралы жазба жариялады. Ол өнер иесінің әңгіме барысында ешкімді асыра дәріптемей, өмірдегі жағдайларды барынша шынайы жеткізгенін атап өтті.
Журналист сұхбатты «Ұлы адамдардан идеал жасамаңыздар» деген сөзбен таныстырған. Оның айтуынша, бұл жолғы әңгіме Қарагөз Сүлейменованың бұған дейінгі сұхбаттарына ұқсамайды.
«Бұл сұхбат Қарагөз апайдың бұрынғы сұхбаттарынан өзгерек. Қарагөз апайдың ашық сұхбаты», – деп жазды Жанар Байсеміз.
Сондай-ақ журналист Қарагөз Сүлейменоваға ашық әңгімесі үшін алғыс білдірген.
«Қарагөз апайға шынайылығы үшін, ешкімді және ешнәрсені әспеттемей, қалай бар, солай айтқаны үшін, жүрегінің құлпын ашуға рұқсат бергені үшін алғысымды білдіремін», – деді ол.
Жанар Байсеміздің сөзінше, сұхбатта адам өмірі мен ішкі жан дүниесіне қатысты ойландыратын мәселелер қозғалған.
Айта кетейік, Желі қолданушысы Димаш Құдайбергенге шүйлікті.
Қарагөз Сүлейменова кім?
Қарагөз Сүлейменова – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, әнші, актриса және тележүргізуші.

Ол белгілі жазушы, драматург Асқар Сүлейменов пен мемлекет және қоғам қайраткері, қаламгер Алтыншаш Жағанованың қызы. Жұбайы – Қазақстанның халық әртісі, актер Досхан Жолжақсынов.

Өнер иесі қазақтың дәстүрлі ән өнерін насихаттап, сахнада өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған. 2026 жылғы 24 қазанда Алматыдағы Республика сарайында шығармашылық жолының 30 жылдығына арналған «Қарагөз-Айым» атты жеке концерті өтті.