Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Енем мені атыммен атамайды": Диана Скатова отбасылық өмірі туралы айтты

"Енем мені атыммен атамайды": Диана Скатова отбасылық өмірі туралы айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Көпшілікке "Қалаулым" жобасымен танылған тележүргізуші Диана Скатова ата-енесімен бір шаңырақ астында тұратынын айтып, енесімен қарым-қатынасы туралы сыр шертті. Ол келін болып түскен күннен бастап өзін бөтен сезінбегенін, ал енесі әлі күнге дейін есімін атамай, еркелетіп шақыратынын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.

Тележүргізуші бұл туралы "Айтарым бар" подкастына берген сұхбатында әңгімеледі. Жүргізушінің келін мен ене арасындағы қарым-қатынас, үлкендердің жас отбасыға қоятын талаптары туралы сұрағына жауап берген Диана өз шаңырағында мұндай мәселе туындамағанын айтты.

"Бізде, шынымды айтсам, ондай дүние жоқ. "Мен енемін, сен келінсің" деген нәрсе жоқ. Осы күнге дейін енем тіпті "Диана" деп айтып көрмеген. "Дәкөнай, Дикөнай" деп еркелетеді. Енем өте жұмсақ кісі. Ол кісі де ана. Жалғыз ұлы келін алып келді, араға түсіп, араласпау керектігін жақсы түсінетін сияқты. Әлі күнге дейін өзімді жаман сезініп көрген жоқпын. Басқа жерге барып, өзіңді жат сезіну деген менде болмады", – деді тележүргізуші.

Диана өз отбасында да ене мен келіннің сыйластығын көріп өскенін жасырмады. Оның айтуынша, анасы мен жалғыз жеңгесі бір-біріне жақын болып, анасы мен қызындай араласады. Сондықтан өзі де келін болып түскен шаңырағында дәл сондай қарым-қатынас орнатуды армандаған.

"Өз отбасымда да жалғыз жеңгем бар. Анам екеуі жақсы сырлас, анасы мен қызындай болып кеткен. Менің де арманым – солай бір-бірімізге жанашыр болу", – деді ол.

"Ата-енемен тұрудың минус жағын әлі көрмедім"

Тележүргізуші бүгінде жолдасының ата-анасымен бірге тұратынын айтты. Отбасында үш қайын сіңлісі де бар. Дегенмен үлкен әулетте өмір сүру оның жеке кеңістігіне немесе күнделікті тіршілігіне кедергі келтірмейтін көрінеді.

"Ата-енеммен бірге тұрамыз. Әркім өз жұмысымен. Ешкім шекарадан аспайды. Үш қайын сіңлім бар. Үлкен әулетте өмір сүріп жатырмыз", – деді Диана.

Оның сөзінше, тұрмысқа шықпай тұрып-ақ болашақ жарының ата-анасымен бірге тұратынын білген. Сондықтан мұндай өмірге алдын ала дайын болып, оны еш қиындықсыз қабылдаған.

"Басынан ата-енемен бірге тұратынымды біліп бардым. Қайда бара жатқанымды түсіндім. Оны бастапқыдан қабылдадым. Мен үшін ол қиын емес. Қалай бар, солай қабылдадым", – деді тележүргізуші.

Диана үй шаруасында да енесінің қолдауын сезінетінін айтты. Жұмысы көбейіп, асүйдегі тірлікке үлгермей қалған кезде енесі қолғабыс етеді екен.

"Асүйде үлгермей, жұмыстармен жүріп қалсам, енем көмекке келеді. Сол жағынан бір-бірімізге серік болып, қорған болып жүрген жайымыз бар. Ата-енемен бірге тұрудың минус жағын әлі көрмедім, көрмей-ақ та қояйын", – деді ол.

Тележүргізушінің әңгімесінен отбасында әр адамның жеке шекарасын сақтау мен бір-біріне түсіністік танытудың маңызды орын алатынын аңғаруға болады. Диана үшін келін мен ененің қарым-қатынасы міндет пен талапқа емес, өзара сыйластық пен қолдауға негізделген.

Айта кетейік, сұхбат барысында Диана Скатова отбасылық өмірімен қатар, көпшілікке таныс "Қалаулым" жобасы, тіл мәселесі және өзінің өмірлік ұстанымдары туралы да әңгімеледі.