Кәсіпкер Әділет Байнашев танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың өзіне жасаған жақсылығын еске алып, өнер иесіне алғыс білдіргісі келетінін айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Кәсіпкер әлеуметтік желідегі парақшасында әзілкешпен алғаш рет 2016 жылы танысқанын жазды. Оның айтуынша, екеуі алғашқы кездесуден-ақ тіл табысып, ағалы-інілі болып араласа бастаған.
Әділет Байнашев сол кезде Тұрсынбек Қабатовтың анасының тойын жүргізіп беруге уәде еткенін жеткізді. Көпшілікке танымал әзілкеш бұл ұсынысты қабылдап қана қоймай, тойды ешқандай ақы алмай басқарған.
“2016 жылы Тұрсынбек ағамен танысқанмын. Танысқан күні сырласып, жақсы ағалы-інілі болып, 2017 жылы мамамның тойын басқарып беретін болып уәде берген. Әрине, тегін. Ол – Тұрсынбек Қабатов қой. Ойлаңыздаршы, 2016 жылы анамның тойы болатын күнді ағам өзі белгілеп, бір ауыз сөзім үшін арнайы келіп басқарып берген”, – деп жазды кәсіпкер.
Кәсіпкер арада он жыл өтсе де, әзілкештің сол кездегі жақсылығын ұмытпағанын айтты. Енді ол Тұрсынбек Қабатовқа алғысын білдіруді жоспарлап отыр.
“Алла қаласа, бүгін араға 10 жыл салып, сол жақсылығына өзімнің алғысымды білдірсем бе деп тұрмын”, – деді Әділет Байнашев.
Айта кетейік, Тұрсынбек Қабатов елге ренішін айтты.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Қабатов – қазақстандық танымал әзілкеш, актер, тележүргізуші және продюсер. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген.

Өнер жолын «Жайдарман» ойындарынан бастаған. Кейін әзіл-сықақ саласында танылып, жеке концерттерін өткізе бастады. Көпшілікке «Әзіл әлемі» жобасы арқылы кеңінен танылды.
Тұрсынбек Қабатов сахнада көбіне отбасылық қарым-қатынас, ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік, бала тәрбиесі және қоғамдағы күнделікті жағдайларды әзілге айналдырады. Оның концерттері Қазақстанның түрлі қалаларында өтіп, көрерменнің ықыласына бөленді.

Әзілкеш тележүргізуші ретінде де бірнеше ойын-сауық жобасына қатысты. Сонымен қатар актерлік қырынан танылып, кино саласында да еңбек етті. Ол Қазақстандағы танымал әзіл-сықақ өнерпаздарының бірі саналады.