Әзілкеш Тұрсынбек Қабатов екінші рет отбасын құрғанына байланысты айтылған сын-пікірлерді сахнадағы әзіліне арқау етті, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі қайта тұрмысқа шыққан әйелдер мен екінші рет үйленген ерлерге жұрттың көзқарасы әртүрлі екенін қалжыңмен жеткізді. Сөз арасында Баянды мысалға алып, өзі де жарын той көйлегімен сахнаға шығарса, көрерменнің қалай қабылдайтынын айтты.
“Баянды қалай қолдадыңыздар! Мысалы, мен қазір әйелімді сахнаға шығарып, той көйлегін кигізейінші. Елдің бәрі мені Қазақстаннан қуып жіберуді ұсынады”, – деді Қабатов.
Осылайша әзілкеш жеке өміріне қатысты сынға әзілмен жауап беріп, қайта шаңырақ көтерген адамдарға қоғамның әрқилы қарайтынын сөз етті.
Тұрсынбек Қабатов кім?
Тұрсынбек Аманғалиұлы Қабатов — танымал әзілкеш, сатира актері, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Ол 1979 жылы 10 қазанда Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданының Ақпәтер ауылында дүниеге келген. Көпшілікке күнделікті тұрмыс пен отбасылық қарым-қатынасты арқау еткен монологтері арқылы танылған.

Өнер жолында КВН ойындарына қатысып, кейін жеке әзіл кештерін өткізе бастаған. 2009 жылы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында, Алматыдағы Республика сарайында жеке концерттерін берген. 2010 жылы әнші Фарида Ниязовамен бірге “Екі жұлдыз” телевизиялық байқауына қатысқан.

2011 жылдан бастап елордадағы “Әзіл әлемі” әзіл-сықақ театрына жетекшілік еткен. Оның шығармашылық жолы “Көңілді тапқырлар алаңы”, “Назар аудар” секілді жобалармен де байланысты. 2015 жылы “Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері” атағын алған. (qazradio.fm, malim.kz)