Танымал актер әрі әнші Олжас Абай марқұм әкесін еске алып, бала күнінде бастан өткерген қиындықтары туралы сыр шертті. Өнер иесі әкесі жайлы әңгіме қозғағанда толқып, көз жасына ерік берді, деп хабарлайды ult.kz.
Олжас Абай бұл туралы журналист Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында айтты. Жүргізуші актерден "Соңыра" фильміндегі кейіпкерінің тағдыры өз өмірімен қаншалықты ұқсас екенін сұрады. Сондай-ақ әкесінің ішімдік ішкен кездерінде қандай күй кешкенін білгісі келді.
Актер бұл сауалға жауап беру өзіне әлі де ауыр екенін жасырмады. Оның айтуынша, әкесі мейірімді, баласын ерекше жақсы көретін жан болған. Алайда ішімдікке әуестігі отбасына қиындық әкелген.
"Қазірдің өзінде еске түсіру оңай болып тұрған жоқ. Әкем жақсы адам еді. Жан дүниесі ерекше, әрдайым информация алып жүретін. Мені қатты еркелететін. Бес жылдай болып қалды дүниеден өткеніне. Бірақ енді ұрттайды екен деп, туысқандардың бәрі мынау әкесінің ішетінін бүкіл әлемге жар салып отыр демесін. Бұны айту оңай емес, дегенмен шындық қой. Қалай жасырасың оны", – деді актер.
Олжас Абай бала кезінде әкесінің ішімдік ішкеніне қатты қиналғанын, тіпті өзге балалардың әкелеріне қызыға қараған сәттері болғанын айтты. Өнер иесі өткен күндерді еске алғанда көңілі босап, әкесі туралы естеліктерін бөлісті.
"Жүрегің ауыратын шақтар көп болды. Басқа әкелерге қарап қызығатын кездер де болды. Оңай емес, қиын кездер болды. Қазір еске түсіріп жылайын десең де, есейіп кеттік пе екен. Бірақ қазір тек жақсылығын айтып, еске аламыз ғой әкемізді", – деді ол.
Актердің сөзінше, әкесінің өмірден өткеніне шамамен бес жыл болған. Уақыт өтсе де, балалық шақтағы кейбір естеліктерді жаңғырту оған оңай соқпайды. Соған қарамастан, ол әкесінің мейірімі мен өзіне көрсеткен қамқорлығын ұмытпағанын жеткізді.
Олжас Абай әкесінің ішімдік ішкенін көпшілік алдында айту өзіне ауыр тигенін, алайда өткен өміріндегі шындықты жасыра алмайтынын айтты. Бүгінде актер әкесін кінәлаудан гөрі оның жақсы қасиеттерін еске алуды жөн көреді.