Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Есігіміз ашық": Баян Алагөзова күйеуінің бұрынғы әйелі туралы айтты

"Есігіміз ашық": Баян Алагөзова күйеуінің бұрынғы әйелі туралы айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал продюсер Баян Алагөзова жұбайы Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелімен қарым-қатынасы туралы сөз қозғап, онымен бір дастархан басында отыруға қарсы емес екенін айтты. Бұл туралы ол журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Сұхбат барысында журналист продюсерден күйеуінің бірінші әйелімен кездесіп, бірге дастархан басында отыра ала ма деп сұрады. Баян Алагөзова мұндай мүмкіндікті жоққа шығармайтынын жеткізді. Оның пікірінше, ерлі-зайыптылардың жолы екіге айырылғанымен, арадағы сыйластық жоғалмауы керек.

"Ешқашан "ешқашан" деме дейді ғой. Егер адамдар ажырасқанда айғай-шусыз, дүние бөліспей, ұрыс-керіссіз, төбелессіз, бір-біріне қастық жасамай, мәдениетті түрде айырылыса алса, бәрі әлдеқайда жақсы болар еді. Сондықтан мен ештеңені жоққа шығармаймын. Ол – мен араласатын балалардың анасы. Мен бұған қарсы емеспін", – деді продюсер.

Әңгіме барысында Баян Алагөзова Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсеннің де жақын арада үйленуі мүмкін екенін айтты. Ол Арсен шаңырақ көтерсе, жұбайымен бірге тойына баратынын, мұндай қуанышты күнде бұрынғы өкпе-ренішке орын жоқ екенін жеткізді.

Продюсер Айарудың болашақтағы тойына қатысты да осындай пікір білдірді. Оның сөзінше, ата-аналардың арасындағы түсініспеушілік балалардың өміріне көлеңке түсірмеуі тиіс. Әсіресе, бала әкесімен немесе анасымен араласқаны үшін ешкімнің алдында ақталмауы керек.

"Балалардың әкесіне немесе анасына барған сайын ақталып, өзін кінәлі сезінгенін қаламаймын. Өткен – сағым. Барлық өкпе-ренішімді, көрген қиындығымды жіберемін. Мен тек бейбітшілік пен татулықты қолдаймын. Сондықтан есігіміз ашық", – деді Баян Алагөзова.

Осылайша, продюсер өткендегі реніштерді ұмытып, балалардың бақыты үшін бұрынғы келіспеушіліктерді артта қалдыруға дайын екенін аңғартты. Ол отбасындағы ересектердің қарым-қатынасы қандай болса да, оның салмағын балалар көтермеуі керек деп есептейді.

Баян Алагөзова кім?

Баян Мақсатқызы Алагөзова – қазақстандық продюсер, актриса, тележүргізуші және кәсіпкер. Ол 1974 жылы 9 қаңтарда Орал қаласында дүниеге келген.

Еңбек жолын журналистикадан бастап, кейін тележүргізуші ретінде танылды. 1993 жылы режиссер Талғат Теменовтің "Махаббат бекеті" фильмінде басты рөлдердің бірін сомдады.

2006 жылы құрылған KeshYOU тобының продюсері ретінде қазақстандық шоу-бизнестің дамуына үлес қосты. Сондай-ақ Shine Production продюсерлік орталығын құрып, "Қазақ аруы" байқауын ұйымдастырды және бірқатар кинотуындының жарыққа шығуына атсалысты.

2025 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атағын алды.