Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Ұрпағымен мың жасасын": Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің ұрпақтарын таныстырды

"Ұрпағымен мың жасасын": Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің ұрпақтарын таныстырды
Фото-коллаж: ult.kz/ ЖИ-мен өңделген

Алматыда қазақтың әйгілі актері, Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімовтің бір жылдық асы берілді. Жиында марқұмның жұбайы Бағдат Әшімова сөз сөйлеп, балалары мен немере-шөберелерін көпшілікке таныстырды, деп хабарлайды ult.kz.

Асқа актердің отбасы, туған-туыстары, балалары мен немере-шөберелері, сондай-ақ өнердегі әріптестері мен жақындары жиналды. Олар Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесін еске алып, қазақ театры мен кино өнеріне қосқан үлесі туралы естеліктерімен бөлісті.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада Бағдат Әшімованың марқұмның ұрпақтарын жиналған жұртқа жеке-жеке таныстырғанын көруге болады.

Жиында сөз алған Бағдат Әшімова асқа келген көпшілікке алғыс айтып, отбасы мен театр ұжымының өзі үшін қаншалықты қымбат екенін жеткізді.

"Немере-шөберелерім мен балаларым – оң қанатым, ал Асанәлі Әшімов театрының актерлері – сол қанатым", – деді ол.

Сондай-ақ Бағдат Әшімова театр әртістеріне ақ тілегін арнап, Асанәлі Әшімовтің есімін ұлықтап, өнердегі жолын жалғастыра беруге шақырды. Оның айтуынша, актердің соңғы армандарының бірі театрдың өркендеп, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалуы еді. Ол бұл арманның орындалатынына сенім білдірді.

Желі қолданушылары да марқұмды сағынышпен еске алып, отбасына жылы лебіздерін арнады.

"Жатқан жері жайлы болсын", "Ұрпағымен мың жасасын", "Ниеттері қабыл болсын", – деп жазды олар.

Асанәлі Әшімов қазақ театр және кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың бірі. Ол "Қыз Жібек", "Атаманның ақыры", "Транссібір экспресі" секілді әйгілі фильмдердегі рөлдері арқылы көрермен жүрегінен орын алды. Саналы ғұмырын өнерге арнаған актердің шығармашылық мұрасы қазақ мәдениетінің қазынасында сақталып қалды.