Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Тоқаев пен Димаш әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді

Тоқаев пен Димаш әлемдегі ең ықпалды 500 мұсылманның тізіміне енді
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен әнші Димаш Құдайберген 2027 жылғы The Muslim 500 тізіміне енгізілді, деп хабарлайды ult.kz.

Рейтингті Иордания астанасы Аммандағы Корольдік ислам стратегиялық зерттеулер орталығы әзірлеген. Тоқаев “Саясат”, ал Димаш “Өнер және мәдениет” санатында аталған.

Тізімдегі алғашқы 50 тұлғаға нақты орын берілген. Қалған қатысушылар қызмет саласына қарай топтастырылған. Олардың арасында дін өкілдері, саясаткерлер, ғалымдар, кәсіпкерлер, спортшылар мен өнер адамдары бар.

Порталдың жазуынша, биыл бірінші орынды бес адам бөліскен. Олар – Сауд Арабиясының королі Салман ибн Абдулазиз, тақ мұрагері Мұхаммед ибн Салман, Пәкістан премьер-министрі Шехбаз Шариф, фельдмаршал Асим Мунир және Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған. Сондай-ақ алғашқы бестікте Моджтаба Хаменеи мен Иордания королі Абдалла II аталған.

Орталық Азия елдерінің басшылары арасында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев ең жоғары орынға көтерілген. Ол 40-орынға тұрақтап, алғаш рет үздік елулікке кірген.

Тізімге Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров және спортшы Хабиб Нұрмағомедов те енген. Нұрмағомедовке арнайы құрмет белгісі берілгені айтылған.

The Muslim 500 рейтингі 2009 жылдан бері жыл сайын жарияланады. Оны құрастырушылар тұлғалардың мұсылман қауымына, қоғамдық өмірге, саясат пен мәдениетке ықпалын ескереді. Тізім саясат, дін, кәсіпкерлік, қайырымдылық, ғылым, ақпарат құралдары, өнер және спортты қоса алғанда, 13 бағытты қамтиды.

Димаш Құдайберген кім?

Димаш Құдайберген – әлемге танылған қазақстандық әнші, композитор, Қазақстанның халық әртісі. Толық аты-жөні – Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылы 24 мамырда Ақтөбе қаласында өнерлі отбасында дүниеге келген. Әкесі Қанат Айтбаев пен анасы Светлана Айтбаева да – әншілер.

Димаш 2015 жылы Беларусьтің Витебск қаласында өткен “Славян базары” халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды. Ал 2017 жылы Қытайдағы Singer жобасында екінші орын иеленіп, халықаралық деңгейде кеңінен танылды. Дауыс мүмкіндігі мен күрделі шығармаларды орындау шеберлігі шетелдік тыңдарманның назарын аударды.

Әнші Қазақ ұлттық өнер университетінде эстрада өнері мамандығы бойынша білім алған. Ол әлем сахналарында өнер көрсетіп, қазақ музыкасын шетелдік аудиторияға танытып жүр. Шығармашылығында ұлттық музыканың үнін сақтауға, жас ұрпақтың дәстүрлі аспаптарға қызығушылығын арттыруға мән береді.