Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Аманаттың жүгі ауыр”: Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің орындалмай кеткен арманын айтты

“Аманаттың жүгі ауыр”: Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің орындалмай кеткен арманын айтты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Халық әртісі Асанәлі Әшімовтің жары Бағдат Әшімова өнер иесінің аманаты мен орындалмай қалған арманы туралы жазды, деп хабарлайды ult.kz.

Ол әлеуметтік желідегі парақшасында марқұмның жылдық асында сөйлеген сөзін бөліскен. Бағдат Әшімова үшін жарының ұрпағы мен өзі баулыған шәкірттерінің орны бөлек.

“Менің оң қанатым, менің тірегім, менің барым – Асекеңнің ұрпағы. Сол қанатым – Асанәлі Әшімов театрының актерлері. Асекеңнің аманаты…” – деп жазды ол.

Өнер иесінің көзі тірісінде аңсаған тілектерінің бірі – өз атындағы театрдың жеке ғимаратына қол жеткізуі еді. Бағдат Әшімова жарының осы арманы орындалса деген үмітін жеткізді.

“Асанәлі Әшімов атындағы театрдың өз алдына жеке ғимараты болып, актерлерінің бас қосар қасиетті сахнасы, өнердің өркен жайған ордасы болса деген арман-тілегі бар еді. Сол арман орындалып, шәкірттері өз шаңырағының астында өнер көрсетсе екен!” – деді ол.

Бағдат Әшімова жарының шәкірттері мен өнер ұжымын да артында қалған аманаты деп біледі. Олардың шығармашылық жолын жалғап, бір шаңырақ астында өнер көрсетуі өзі үшін қымбат екенін аңғартты.

“Аманаттың жүгі ауыр. Артында қалған ізді жалғау – үлкен жауапкершілік”, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Бағдат Әшімова Асанәлі Әшімовтің ұрпақтарын таныстырды.

Асанәлі Әшімов кім?

Асанәлі Әшімов — қазақтың көрнекті театр және кино актері, режиссер, ұстаз, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері. 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жайылма ауылында дүниеге келген.

Көрерменге “Қыз Жібек” фильміндегі Бекежан, “Атаманның ақыры” картинасындағы Шадияров, “Транссібір экспресіндегі” Қасымханов рөлдерімен кеңінен танылған.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында еңбек етіп, қазақ сахнасы мен киносының дамуына зор үлес қосқан. Режиссер ретінде “Шоқан Уәлиханов”, “Қозы Көрпеш – Баян сұлу” туындыларын түсірген.