16 қарашада Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі. Кей жерлерде тұман түсіп, жолдарда көктайғақ болады. Сонымен қатар бірнеше облыста желдің екпіні секундына 25 метрге дейін жетуі мүмкін. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды ult.kz.
Астана қаласында түнде жолдарда көктайғақ болып, түнде және таңертең тұман күтіледі. Алматыда да түнгі және таңғы уақытта тұман түсуі мүмкін.
Ақтөбе облысында жауын-шашын, көбінесе жаңбыр жауады. Түнде облыстың солтүстік-батысында кей уақыттарда қатты жауын-шашын күтіледі. Облыстың солтүстігі мен шығысында көктайғақ болады.
Қостанай облысының батысында, солтүстігінде және шығысында жауын-шашын (көбінесе жаңбыр) мен көктайғақ болжанады. Түнде және таңертең солтүстік пен шығыста тұман түседі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан соғып, облыстың батысы мен солтүстігінде екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Қостанай қаласында да түнде және таңертең жауын-шашын мен көктайғақ күтіледі.
Ақмола облысының батысында, солтүстігінде және шығысында түнде қар жауып, көктайғақ болады. Бірқатар ауданда тұман түседі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-шығыстан соғады. Түнде облыстың батысы мен солтүстігінде желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Көкшетауда түнде жел екпіні секундына 15 метрге дейін күшейеді.
Солтүстік Қазақстан облысының батысы мен солтүстігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын жауып, көктайғақ болады. Солтүстік және шығыс аудандарда тұман күтіледі. Түнде оңтүстіктен соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Петропавлда тұман түсіп, түнде жел күшейеді.
Батыс Қазақстан облысының солтүстігі мен шығысында жаңбыр, қар жауып, көктайғақ болады. Түнде және таңертең тұман күтіледі. Орал қаласында түнде жауын-шашын, тұман және көктайғақ болжанады.
Атырау мен Маңғыстау облыстарында да тұман күтіледі. Маңғыстау облысының батысы мен солтүстігінде солтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Ақтау қаласында да жел күшейеді.
Алматы облысының оңтүстігі мен таулы аудандарында тұман түседі. Таулы аймақтарда оңтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін. Қонаев қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі. Іле Алатауының Медеу және Бостандық аудандарының таулы аймақтарында да кей уақыттарда тұман болады.
Жетісу облысының солтүстігінде, орталығында және таулы аудандарында түнде және таңертең тұман күтіледі. Алакөл көлдері ауданында солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін. Талдықорған қаласында да тұман болжанады.
Жамбыл облысында тұман түседі. Облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында желдің екпіні секундына 15-20 метрге, күндіз 25 метрге дейін күшеюі ықтимал. Тараз қаласында түнде және таңертең тұман күтіледі.
Қызылорда облысының солтүстігінде, шығысында және орталығында түнде және таңертең тұман болады. Күндіз облыстың орталығы мен шығысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. Облыстың оңтүстік-батысы мен солтүстігінде жоғары өрт қаупі сақталады.
Түркістан облысының батысында, оңтүстігінде, таулы және тау бөктеріндегі аудандарында тұман күтіледі. Күндіз солтүстік-шығыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетуі мүмкін.
Сондай-ақ Павлодар, Қарағанды, Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тұман болжанады. Ұлытау облысында таңертең және күндіз желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Қарағанды облысының оңтүстігінде күндіз жел екпіні секундына 15 метрге жетуі мүмкін.
Бұдан бөлек, Жетісу облысының оңтүстік-шығысында, сондай-ақ Алматы облысының солтүстігі мен шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.
Мамандар жүргізушілерге көктайғақ кезінде жолда барынша сақ болуды, жылдамдықты төмендетіп, қауіпсіз арақашықтықты сақтауды ескертеді.