Шығыс Қазақстан облысында Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы екі әуежайдың құрылысы жалғасып жатыр. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады ult.kz.
Қазіргі уақытта екі нысанда да ұшу-қону жолақтары, перрондар мен рульдеу жолдары салынып біткен. Құрылысшылар инженерлік желілерді тарту, жабдықтарды орнату және ғимараттардың ішкі әрлеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Зайсан әуежайында кірме жолдар мен негізгі инженерлік желілердің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ жарық-сигнал беру және радионавигациялық жабдықтар орнатылған. Қазір әуежай инфрақұрылымы ғимараттарының ішкі әрлеу, жабдықтарды монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар Зайсан әуежайында Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі сертификаттау рәсімін бастады.
Ал Катонқарағай әуежайында ұшу-қону жолағы, перрон, рульдеу жолы және блокты-модульдік қазандықтың құрылысы аяқталған. Бұдан бөлек, республикалық маңызы бар автомобиль жолының бағыты өзгертілген.
Қазір нысанда инженерлік желілер тартылып, тазарту құрылыстары салынып жатыр. Әуежай инфрақұрылымы ғимараттарының ішкі әрлеу және аэронавигациялық жабдықтарды орнату жұмыстары да жалғасуда.