Әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында анасын туған күнімен құттықтап, ақ тілегін жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесінің анасы 15 қарашада туған күнін атап өткен. Әнші анасының орталарына аман-есен жүргеніне шүкіршілік етіп, жүз жасқа толған тойын көруді армандайтынын жазды.
“15 қараша — біздің анамыздың туған күні. Арамызда болғаныңызға Аллаға мың шүкірлер! Ғасыр тойыңызды көрсек, арман жоқ. Алла қолдасын, анашым!” — деп жазды Мақпал Жүнісова.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова әділетсіздікке ұшырағанын айтты.
Мақпал Жүнісова кім?
Мақпал Мұхамедиярқызы Жүнісова — қазақ эстрадасының көрнекті әншісі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты. Ол 1964 жылы 11 қаңтарда Қарағанды облысының Теректі ауылында дүниеге келген. Әнге бала кезінен жақын болып, ауыл сахнасында өнер көрсеткен. Мектепте оқып жүргенде домбыра мен қобызда ойнауды үйренген.

Кәсіби өнер жолын 1981 жылы республикалық “Гүлдер” ән-би ансамблінде бастаған. Осы ұжымда тоғыз жылға жуық ән айтып, үлкен сахнада шыңдалған. Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, шетелдерге гастрольдік сапармен шыққан. Польша, Германия, Венгрия, Қытай, Үндістан, Канада және басқа да елдердің көрермендеріне қазақ әнін таныстырған.
Әншінің репертуарында халық әндерімен қатар махаббат, туған жер, ана мен сағыныш тақырыбындағы шығармалар бар. Оның орындауындағы “Аққу сазы”, “Армандастар”, “Ғашық жүрек”, “Еркетайым”, “Жан ана”, “Көздеріңе ғашықпын”, “Мәңгілік сағыныш” секілді әндер көпшілікке таныс.

Мақпал Жүнісоваға 1994 жылы “Қазақстанның халық әртісі” атағы берілді. Ал 1999 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Өнер иесі бірнеше буын тыңдарманның сүйікті әншісіне айналған.